Атыраулық тұрғын қатерлі дертін еңбекпен еңсермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық тұрғын қатерлі дертін еңбекпен еңсермек

14.12.2021

Атырауда қатерлі дертке шалдыққан Сағыз ауылының тұрғыны, ауруын жеңем деп кәсіп бастады. Ұлттық өнерді жаңғыртқан Бақтыгүл Жұмағалиеваның қолынан шыққан әр бұйым үлкен сұранысқа ие. Тағдырға мойымаған табанды жанмен тілшіміз Жандос Темірғали кездесті.

Екі жылдан бері сүйектің қатерлі дертімен күрескен Бақтыгүл ауруы дендеп бір аяғынан айырылған. Негізгі мамандығы мұғалім. Мектепте 16 жылдай еңбек етті. Денсаулығына байланысты кейін ұстаздықтан қол үзуге тура келді. Өмірге жаны құштар ана қиындықты енді еңбекпен еңсермек. Ұлттық өнермен өрілген берекелі ісі, оны жаңа белеске жетеледі.

Бақтыгүл Жұмағалиева, Сағыз ауылының тұрғыны:

Көз қорқақ қол батыр дейді ғой. Басында адам қорқады. Бұл қалай шығады деп. Бірінші рет жасайын деп тұрмын. Ойымдағыны жасай алатындай сенімдімін.Сосын бастап кеттім, керек нәрсенің бәрін әкеліп. Бірінші жасағаным осы енді. «Өңіржиек» деп аталады. Мынаны көрген кезде бәрі де қызығады. Алғысы келеді. Заказ да беріп жатыр.

Еңбекқор ана үйінің бір бөлмесін шағын шеберханаға айналдырған. Көз майын тауысып жасайтын әр бұйымына асқан ұқыптылықпен қарайды. Өңіржиектің өзіне 6-7 күнін арнайды. Жігерлі жанның тұла бойы тұнған өнер. Іс тігіп, сурет те салады. Үш баласы бар. Олар да өнерге жақын. Жолдасы да қылқалам шебері.

Темірхан Байешев, күйеуі:

Өте шыдамды, еңбекқор, ерінбейді. Бір жұмысты алса таңға дейін жасап отыра береді. Кейде таңғы 4-5-ке дейін отыратын кездері болады. Қалғанын ертең жасайсың, демалшы десем, бітіріп тастауым керек деп отырады. Ақыры бітіріп, аяқтайды.

Бақтыгүл Жұмағалиева, Сағыз ауылының тұрғыны:

Өсе келе білдім, суреттен гөрі қолөнерге жақын екенімді байқадым.Қиын нәрселерді жасағым келеді. Жәй нәрсе жасағым келмейді.

Шығармашылыққа жаны құштар отбасының өнерін ауылдастары да жоғары бағалайды.

Жайлау Таласов, қолөнер шебері:

Жалпы мектепте сабақ беретін мұғалімдердің шығармашылықпен айналысуы өте сирек. Ауылдық жерде тұрмыстың ауыртпашылығымен мойып кетпей, әртүрлі тағдырға да сынып қалмай осындаймен айнылысу әрине айтуға тұрарлық жағдай.

Тағдырдың қиын сынағына қарсы тұра білген Бақытгүл емін әлі жалғастырады. Болашаққа сеніммен қарайтын жан кәсібін одан әрі кеңейткісі келеді. Қазір ол үшін көптеп тапсырыс қабылдап, әшекейлердің жаңа дизайнын ойлап тауып жатыр.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу