Талдықорғандық БАҚ өкілдері марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғандық БАҚ өкілдері марапатталды

14.12.2021

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Талдықорғанда бұқаралық ақпарат құралдары мен идеология саласының қызметкерлері марапатталды. Халық пен биліктің ортасында алтын көпір болып жүрген әріптестерге тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекелік медалі және «Халық алғысы» медальдары тапсырылды.

Алматы облысында 200-ге жуық бұқаралық ақпарат құралдары ресми тіркелген. Өңірлік газет, телеарна, республикалық арналардың тілшілер қосындары аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Құрметке ие болғандар қатарында ардагер журналистер де бар.

Тілеуқабыл Мыңжасар, ардагер журналист:

Жері де, табиғаты да, елі де барлығы да сұлулығы жарасқан сондай керемет аймақ. Өз басым осы жерде 21 жыл жүргеніме ешқашан ұмытпаймын, қуанышпен, мақтанышпен айтып отырамын.

Ал Гүлжанат Мақұлжанованың ақпарат саласында істеп жүргеніне ширек ғасыр. Облыстық «Жетісу» телеарнасының құрылған алғашқы күндерінен қызмет етуде. Қазір ұлы мен қызы журналистиканың қазанында бірге қайнап, өкше басып келеді. Мереке қарсаңында тәжірибелі маман «Халық алғысы» медалін иеленді.

Гүлжанат Мақұлжанова, «Жетісу» телеарнасының аға редакторы:

Президентіміздің жарлығыменен Халық алғысы медалімен марапатталуым мен үшін ең үлкен құрмет. Еңбегіме деген ең жоғарғы баға деп ойлаймын. Өйткені халықтың алғысынан артық құрмет жоқ.

Салтанатты жиында өңір басшылары мен облыстық мәслихаттың алғыс хаттары мен грамоталары тапсырылды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу