Үкімет басшысы Асқар Мамин елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Тәуелсіздік күні қарсаңында еңбек ардагерлері, министрліктер мен ведомстволардың және ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырылды. Омырауына орден таққандар қатарында бизнес өкілдері де бар. Олар І және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені, «Парасат» , «Құрмет» ордендерін тағынды. Сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» грамоталары табысталды.
Асқар Мамин Тәуелсіздік мерекесі – Қазақстан тарихындағы айтулы күн екеніне тоқталды. Себебі мемлекеттіліктің берік негізі, еркіндіктің, тұрақтылықтың және ұлтаралық келісімнің нышаны. Егемендік – әрбір қазақстандықтың елі мен жерінің игілігі үшін атқарған қажырлы еңбегі және қуатты мемлекетте өмір сүруге деген ұмтылыстың арқасында нығая түседі,-деп сөзін түйіндеді.