Ресейде коронавирус жұқтырғандар 10 миллионнан асты. Қазанда Федерация аумағында бұл ауруға шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар қатары қатты өскен еді. Бірақ «Рейтер» агенттігінің есебінше, «ковид» диагнозы қойылғандар мен одан қаза тапқандар соңғы кездері Ресейде қайта азайып отыр.
Мәселен, сенбі күні елде коронавирус 30 мыңға жуық адамнан анықталды. Бұл – қазанның 13-нен бергі ең төменгі көрсеткіш.
Дегенмен әлемге тарап жатқан «омикрон» штамын жұқтырғандар мұнда да көбейеді деген қауіп бар. Сондықтан өткен айда президент Владимир Путин үкіметке ауруханаларды дәрі-дәрмекпен, оттегімен және орындармен қамтамасыз етуге бұйрық берді.
Антон, Мәскеу тұрғыны:
Мен аман қалдым және вакцинация алдым. Сондықтан уайымдамаймын. Маска тағып жүрген себебім - автобустан енді түстім. Қоғамдық көлікке бетпердемен кіруге міндеттіміз. Шешемін деп ұмытып кетіппін. Ал көшеде маскасыз жүремін.
АҚШ-та коронавирустан қайтыс болғандар 800 мыңнан асты
Ал АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 50 миллионнан, ал одан жан тәсілім еткендер 800 мыңнан асты. Мұны Джонс Хопкинс университеті хабарлап отыр. Осы инфекциямен байланысты өлім саны бойынша Құрама Штаттар қазір жер шарында бірінші, Бразилия мен Үндістан екінші, үшінші орындарда тұр.
Арыстан Рысбек