Бүгін – Көрісу күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Көрісу күні

14.03.2014
Бүгін – Көрісу күні
Еліміздің батыс өңірлері үшін Наурыз мерекесі осы айдың 14-нен көрісу салтынан басталады. Кей жерлерде оны «амал» деп те атайды.
 
Шығыс елдерінің (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал - Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады.
 
Ертеде қазақ халқы бұл күнді «наурыз» демей, «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді.
 
Амал таңын қарсы алған әрбір үй ертемен есіктерін ашып қойып, жақсы тілектер тілейді. Ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!», деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады.
 
Бұл күн - «Пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиді», деп адамның адаммен, жылдың жылмен көрісетін күні.
 
Халық сенімінде 14-нен 15-не қараған күнi қой құмалағы қарға батып кетсе, жақсылыққа санап, ырым еткен. 15-i күнi халық қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды деп есептеген екен.
 
14-наурыз - ел ішінде бейресм отбасылық мереке. Бұл күні ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-құрбы бір үйден бір үйге барып, ең жақын, сыйлы үлкендеріне шапан, көйлек-жаулық әкеліп, көрісу дағды-дәстүрге айналған.

Хабарламаларға жазылу