Талдықорғанда «Менің туым - менің отаным» атты патриоттық акция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда «Менің туым - менің отаным» атты патриоттық акция өтті

10.12.2021

Мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер егіз ұғым. Талдықорғанда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Менің туым - менің отаным» атты патриоттық акция өтті. Сондай-ақ «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» деген ұранмен көрме-байқау ұйымдастырылды. 

Түрлі додаларда топ жарып, Әнұранды асқақтатып, көк байрағымызды желбіретіп жүрген жетісулық жастар патриоттық акцияға жиналды. Мерекелік шарадан спортшы да, әнші де, саясаткер де қалыс қалмады. Қатарларында ел егемендігімен тетелес өсіп келе жатқан жастар да бар.

Бауыржан Кенжебаев,  әнші, Тәуелсіздік құрдасы:

Алдыңғы шепте жүріп, өзіміздің қатарластарымызға үлгі болуға тырысып жатырмыз. Іні-қарындастарымызға Тәуелсіздік құрдасы ретінде елімізбен бірге дами келе, дамығанның жетістігі жастарға қарап, бой түзейді ғой.

Патриоттық акцияға қала тұрғындары да өз үлестерін қосты. Терезелері мен балкондарына көк Туымызды іліп, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетті.

Ал көрме павильонында қала жастары өздерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз деген көзқарастарын білдіруге тырысты. Қиялына ерік берген олар бұл індеттің қасіретін суретпен де, мүсінмен де, ән-бимен де жеткізді.

Әлия Ахмадиева, байқау-көрмені ұйымдастырушы:

Адамның санасында сыни көзқарас қалыптасқанда ол белгілі бір әрекетке қадам басады. Біздің мақсатымыз - жастарға кез келген мемлекет шығынына сыни қарауды үйрету. Сонда ғана олар қазынаға қалта салу деген ойдан арылады.

Байқаудың сегіз аталымы бойынша жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу