Талдықорғанда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздіктің Көшкеруені» салтанатты кездесуі өтті. «Достық үйі» қоғамдық келісім мекемесі ұйытқы болған шараға әр жылдары атажұртына қайтқан қандастар қатысып, өз жетістіктерімен бөлісті.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында Алматы облысына 220 мыңдай қандасымыз көшіп келді. Өсіп-өніп, ұрпақ өрбітіп, кәсіп ашып, ел іргесін нығайтуға бір кісідей атсалысып жүр. Олардың қатарында 1991 жылы дүниеге келген тәуелсіздік құрдастары да бар.
Айтуған Қапарқызы, тәуелсіздік құрдасы:
Өзім ұстаздық қызмет атқарғандықтан, тәуелсіздік алған мемлекетімді әрі қарай дамуына шәкірт тәрбиелеп, үлесімді қосып жатырмын деп айта аламын.
Бүкіләлемді пандемия жайлаған сәтте биылдың өзінде 6 мыңнан астам этникалық қазақ елдің азаматтығын алды. Кездесуге келген бірнеше қандасымыз салтанатты түрде төлқұжаты мен жеке куәлігін иеленіп, ресми түрде ел азаматы атанды.
Анар Тұрды, қала тұрғыны:
Өз отаныма келіп, азаматтық алып, ықтияр болғаныма қуаныштымын, тебіреніп тұрмын.
Салтанатты кездесуде қаламгер Құрметбек Сансызбайұлының «Қазақ құндылығы - ұлт ұлылығы» және «Жылдар жылнамасы» атты қос кітабы оқырманға жол тартты. 30 жыл бұрын Моңғолиядан көшіп келген Құрметбек Сансызбайұлы тағы 75 шаңырақтың атақонысқа оралуына себепші болған.
Құрметбек Сансызбайұлы, «Қандастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Шет елдің 44 елінде әлі де бейресми ақпарат бойынша 8 млн-ға жуық қандастарымыз бар.
Жырақта жүрген қандастарды қайтаруда, елге тез сіңісіп кетуге және оларға заңгерлік кеңес беруде мұндай басқосулардың маңызы орасан.
Қуаныш Қанатұлы