Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алматы облысының Сарыөзек ауылында өнер мектебі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алматы облысының Сарыөзек ауылында өнер мектебі ашылды

03.12.2021

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алматы облысының Сарыөзек ауылында өнер мектебі ашылды. Жаңа нысан бір мезетте 250 баланы қамтып, шығармашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Ғимарат құрылысына облыс қазынасынан 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Сарыөзек ауылында ашылған мектепте оқушылар бейнелеу өнеріне машықтанып, би билеп, түрлі аспаптарда ойнап үйренеді. Дарынды балалардың талабын шыңдайтын өңірде осындай 40-мектеп бар. Елдімекенде 4 мыңнан астам оқушы болса солардың 3 мыңдайы осы өнер мектебіне келеді деп жоспарлануда.

Айзере Зуфар, оқушы: 
Мен осы өнер мектебіне келгеніме қуаныштымын. Бұл мектепке суретті салуды жақсы көргендіктен келдім. 
Еңлік Алмасқызы, оқушы: 
Көп бала өнер мектебіне келіп жатыр. Қуанып жатыр. Адамдар көп биге қатыса бастайды. Өнер мектебінің ашылғанына бәріміз қуаныштымыз.

Өнер мектебі 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтыды. Олардың тең жартысы мұғалім. Өздерінің шеберлігін көрсету үшін ұстаздардан құрылған ансамбль ата-аналар алдында өз өнерін паш етті.

 Жаңыл Сүлейменова,  Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы: 
Осы 40 мекемеге 2 млрд ақша салып отырмыз.  Ендігі жылы бизнесмендерді шақырсақ, онда тағы екі млрд сонымен тағы 4 млрд осы қосымша білім беру ұйымдарына беріп отырмыз. Бұл үлкен көрсеткіш, үлкен жақсылық.

Жалпы облыс оқушыларының 71 пайызы қосымша білім беру мекемелеріне тартылған. Жуырда тағы бір өнер мектебі Райымбек ауданында ашылмақ.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу