Талдықорғанда театрлардың байқау-фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда театрлардың байқау-фестивалі өтті

26.11.2021

Ауылдан шыққан шын таланттар. Талдықорғанда театрлардың байқау-фестивалі өтті. Оған кәсіби өнер ұжымдары емес, халықтың нағыз көзайымына айналған, ауылда құрылған театрлардың көркем өнерпаздары қатысты. Театр актерлары арасында дәрігер де, мұғалім де, көлік жүргізушісі мен әдіскер де бар. Мамандығы бөлек бірақ сахнаға деген құлшынысы ерек жандардың өнерін тілшіміз Қуаныш Қанатұлы тамашалап қайтты.

Жаңадан құрылған Қарадала театрының актері Руфат Сайдалимовтың негізгі мамандығы фельдшер-акушер. Ұйғыр аудандық ауруханасында қызмет етеді. Өнерлі отбасыда дүниеге келген соң сахнаның сиқыры мені де баурап алды, дейді Руфат. Қазір екі саланы да тең ұстап келеді.
Руфат Сайдалинов, фельдшер:
Анам кезінде биші болған. Әкем музыкалық аспаптарда ойнайтын. Солардан маған келген бір несібесі деп ойлаймын, қасиеті. Ешқашан өнерден де өз жұмысымнан да қашпаймын. 
Байқау-фестивалінің басты мақсаты шалғай ауылдардағы тума таланттардың қанатын қатайтып, өнерге деген құлшынысын арттыру. Сондай-ақ Президенттің 10 ұлттық жобасында айтылған міндет – халықты рухани сусындатып, мәдениет ошақтарының деңгейін көтеру.
Асқар Наймантаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
Көшеде ұстап алып рухын көтермейсің ғой ешкімнің. Осындай театрға жинап алатын болсақ, біздің тілімізді насихаттайтын, біздің өнерімізді насихаттайтын және ұлттық рухымызды көтеретін осы - театр. 
Фестивальге 20-дан астам өнер ұжымы қатысты. 6 театрдың халықтық атағы бар. Бірнеше қуыршақ, балалар және жастар театры да өнер көрсетті. Бас жүлдеге лайық деп Қарасай ауданынан келген «Жастар» театры және жазиралы Жаркент өңірінен Дәнеш Рақышев атындағы халықтық театр танылды.
Әлия Шаймерденова,  Д.Рақышев атындағы халықтық театр актрисасы:
Тағы да керемет спектакльдерде ойнасақ деген бәрінің жоспары бар. Өркениет болса театр ешқашан өлмейді деп ойлаймын.
Фестиваль енді дәстүрлі болмақ. Тағы бір жаңалық, келер жылдан халықтық атағы бар театрларға қосымша штат бөлінбек.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу