Моноқала деген не? Моноқала – ірі өндіріс ошағын еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін қаланған елді-мекен. Экономикалық қалып өзгергеннен кейін еліміздегі моноқалалардың быт-шыты шыққаны мәлім. Олардағы проблемаларды Президент осы аптада Екібастұзға барып талқылады. Еліміздегі 27 моноқалада 1,4 млн адам тұрады. Олар әлі де өнеркәсіптік өнімнің 40 процентін шығарады, ал адамдардың өркениет игіліктеріне келсек, су және канализация желілерінің тозғаны туралы мәліметті Тоқаевтың өзі келтірді: орташа 61 процент, ал Арқалық, Балқаш, Теміртауда 90 процентке жетеді. Жылу және электр желілері де сондай: 85 проценке дейін тозған қалалар бар. Автомобиль жолдарының 40 пайызы ойқы-шойқы.
Сондай жағдайда өмір сүретін адамдардың тіршілігі де жетісіп тұрған жоқ. Өндіріс ошақтарына тәуелді, ал бәріне бірдей жұмыс жоқ. Тоннельмен жүріп келе жатып көп ұзамай Күннің жарқ ететінін біліп отырасың. Ал моноқалалар тұрғындары үшін «Тоннельдің соңында жарық бар ма?»
Екібастұзда Президент бір мәселеге орай комментарий берді. Ол былай: Өткен аптада Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында және 7 облыста арнайы операция жүргізіп, әкімдіктер мен ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын ұйымдар мен құрылымдарда қызмет істейтін қызметкерлердің қылмыспен айналысып жүрген тобын қолға түсіргендерін хабарлаған. Олар субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқырумен айналысқан, сондай-ақ, кәсіпкерлерден пара алудың коррупциялық схемасын құрған. Айғақ заттар тәркіленіп, қатысы бар деген 30 адамның көбі тағылған айыпты мойындап, тергеумен ынтымақтасты деп хабарлады агенттік өкілі.