Димаш Лондонда ән салады
Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген гастрольдік сапармен Ұлыбритания астанасына жетті. Ертең ол Лондон төрінде ән шырқайды. Жарық жұлдызды әуежайдан әлемнің әр түкпірінен келген өнерсүйер қауым қарсы алды. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова баяндайды.
Бұл Димаштың ізінен еріп жүрген фан-клубтың белсенді мүшелері. Бұл жолы да олар шаруаларын ысырып қойып, Лондондағы концертті тамашалауға келді. Әуежайда әншіні тосқан жанкүйерлер әдептен озбай, ыждаһаттылықпен күтіп тұр.
Коко, мексикалық жанкүйер:
Барлығы бес концерт – Нью-Йорктегісін, 2 рет Мехикодағыны және Барселонадағысын көрдім. Енді Лондон мен Берлиндегісі бар. Димашты жақсы көреміз!
Димаш шығармашылық тобымен бірге күту залына шыққан сәтте «диарстардың» қуанышында шек болмады. Әнші де риза. Бәрімен фотоға түсіп, қолтаңба қалдыруға тырысты.
Даниэла, румыниялық жанкүйер:
Бұл фото Мексикадағы концертте түсірілген. Димаш қолтаңбасын қойып берді. Бақыттан басым айналып тұр.
Димаш Лондон сахнасында соңғы рет 7 жыл бұрын ән шырқады. Ол кезде әншінің өнерін 3 мыңнан астам адам тамашаласа, биыл 12 қарашада көрермен саны 12 мыңға жетеді деген болжам бар.
Қанат Айтбаев, продюсер:
Stranger бағдарламасы Қазақстанда бастау алған. Шамалы толықтырулар бар. Келесі жылы амандық болса енді жаңа бағдарлама басталады.
Ұлттық арна 16 желтоқсанда Димаштың Астана қаласында өткен концертін көрсетеді. 2 жарым сағаттық эксклюзив концертті тамашалауға сол жолы да шетелден мыңдаған көрермен арнайы келген болатын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы