«Тек «ел» деген сөз үшін!». Осындай атаумен сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына орай өткен республикалық дарынды жастар байқауының жеңімпаздары Алматыда марапатталды.
Ұлты үшін жанын берген арда азаматтың есімін ұлықтап, алаштық идеяны насихаттауға арналған байқауға еліміздің жоғары оқу орындарынан 200-ден астам студент қатысқан.
Олар 4 бағытта сайысқа түсті: Қысқа көлемді бейнебаян, көркемсөз, көсемсөз және жас ақындар мүшайрасы. Қатысушыларға қойылған басты талап - шығармашылық еркіндік.
Мағжанның немесе Алаш зиялыларының қызметі мен өмірі, соңына қалдырған мұралары туралы мазмұнды шығарма жазған 20 сайыскер бүгін жүлделі орындарға ие болды.
«Поэзия» бағытында Бауыржан Мырзақұловтың, «Проза» жанрында Зейнеп Әнуардың мерейі үстем болды. Мағжанның тағдырына қатысты үздік бейнебаян атылымымен - Айбек Шегебаев марапатталып, мақала жазудан Нұргелді Әбдіғаниұлы үздік деп танылды.
Зейнеп Әнуар, «Проза» бағыты бойынша 1-орын иегері:
Менің осы сайысқа жазған шығармам «Ай жұтылған түн» деп аталады. Олай атауымның себебі, Мағжан қайтыс болған түні күнде түрменің кішкентай терезесінен түсетін ай түспей қалады. Ол туралы басқа да кісілердің жазғандарын оқып, сосын өзімді де толғандырған Мағжанның өмірі болды.
Енер Унал, Сүлеймен Демирел Университеті бас хатшысы:
Бүгін мен өтіп жатқан шарадан өте әсерлендім. Мағжан өзі айтқандай, «Мен жастарға сенемін!» деп, мен сол жастарды сахнадан көрдім, байқадым. Балаларың жігерленіп айтып отырған сөздері соған дәлел.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ