«Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымына Роза Бағланованың есімі берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымына Роза Бағланованың есімі берілді

31.10.2021

«Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымына КСРО халық әртісі Роза Бағланованың есімі берілді. Ұйымның тарихы атақты әншінің шығармашылық жолымен тікелей байланысты. Роза Бағланова 1960 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Қазақконцертте» солист болған.

Роза Бағланова 1922 жылғы қаңтардың бірінде Қызылорда облысындағы Қазалы қаласында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары халық арасына кеңінен таныла бастады. Майдан даласында алғы шептегі солдаттардың алдында өнер көрсеткен әншіге кейін Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілген. 1947 жылдан Абай атындағы опера және балет театрында әнші болады. Екі жылдан соң Қазақ мемлекеттік филармониясына қызметке ауысады. Содан он жыл өткеннен кейін жаңадан құрылған «Қазақконцерт» ұйымына шақырылады.

Аты аңызға айналған әнші әлемдік опера туындыларын да, қазақтың халық әндері мен композиторларының шығармаларын да ешкімге ұқсамайтын даусымен нәшіне келтіре орындайтын.

Әнші осыдан он жыл бұрын тоқсанға қараған шағында қайтыс болды. Алдағы 1 қаңтарда Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады.


Хабарламаларға жазылу