Қылмыстық кодекстің он үш бабынан өлім жазасы алынып тасталады. Осылайша елімізде ізгілікті басшылыққа ала отырып, осы жазаны қолдану аясы азайып келеді. Бүгін Мәжіліс тиісті өзгерістер енгізілген заңды қабылдады. Қазақстанда өлім жазасына 2003 жылы желтоқсанда мораторий енгізілген болатын. Бұл шешім өлім жазасын толық жойған кезге дейін қолданылады. Өлім жазасын жоюға бағытталған маңызды актілердің бірі – екінші факультативтік хаттама. Оны Қазақстан биылғы қаңтарда ратификациялады. Хаттама өлім жазасын жою үшін барлық шараларды қабылдауды міндеттейді. Халықаралық құжатқа сәйкес өлім жазасын тек соғыс уақытында қолдануға рұқсат етіледі. Сондықтан, өлім жазасын еліміздегі Қылмыстық кодекстің 13 бабынан алып тастап, тек 4 бабында ғана қалдырды. Яғни, Қазақстанда өлім жазасы соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін ғана қолданылады.