Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Салтанатты рәсімге қатысқандардың ішінде Біріккен Араб Әмірліктері, Швейцария, Ирландия, Мексика, Жаңа Зеландия, Албания, Мавритания, Тунис, Норвегия және Никарагуа сынды елдердің дипломаттары бар.
Президенттің елшілерден сенім грамоталарын қабылдауы – дәстүрлі әрі протоколдық рәсім. Осыдан кейін 11 елшінің Қазақстандағы дипломатиялық міндеті ресми басталады. Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді құттықтап, Қазақстан бұл елдермен жан-жақты байланысты бекіте түсетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Сіздер Таяу Шығыс, Еуропа, Латын Америкасы, Кариб бассейні, Африка және Океания сияқты әлемнің әр бөлігінің өкілісіздер. Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды жақтайтын ел ретінде сіздердің мемлекеттеріңізбен арадағы достық байланыстарды екіжақты форматта да, көпжақты форматта да одан әрі нығайтуға дайын.
Президент Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы принциптеріне тоқталып, демократияландыру жолындағы реформалар жалғаса беретінін жеткізді. Сондай-ақ 1 айдан кейін Глазгода өтетін жаһандық конференцияда қабылдануы тиіс шешімдердің маңыздылығын атап өтті. Өйткені қазір адамзат көмірқышқыл газының қауіпті мөлшерде бөлінуінен зардап шегіп отыр. Орман өрттері, су тасқындары, қуаңшылық сынды табиғи апаттар тағы бар. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстанның көміртегіне бейтарап болуға қол жеткізу жөніндегі жоспарын еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Осы айда біз Көміртегінен бейтарап дамудың 2060 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыруға кірісеміз. Жасыл экономиканы қаржыландыру және жасыл технологияға қолжетімділік аталған бастаманы іске асыруда маңызды рөл атқарады. БАӘ, Швейцария, Ирландия, Жаңа Зеландия және Норвегия мемлекеттерімен қатар сіздердің де елдеріңізбен ынтымақтастықты нығайтамыз деген үміттеміз.
Жаһанды алаңдататын тағы бір мәселе азық-түлік пен су қауіпсіздігі. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының есебінше, биыл пандемия мен климат өзгеруінің салдарынан 270 млн адам зардап шегеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Қазақстан азық-түлік тасымалдаудың жаһандық жүйесіне белсенді атсалысады. Біз ауыл шаруашылығы секторын экологияландыруға және тұрақты дамытуға ниеттіміз. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға бастамашы болдық және қазіргі уақытта осы ұйымға төрағалық етіп отырмыз. Оның құрамына 1,5 миллиардқа жуық халқы бар 36 ел кіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы қауіпсіздіккке де тоқталды. Қазақстан үшін Азияда қақтығыстарды болдырмау және бейбітшілікті сақтау сыртқы саясаттағы басымдықтардың бірі. Сондықтан Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыруға мүдделі елміз. Қасым-Жомарт Тоқаев осы елдің жаңа билігін зорлық-зомбылықты, заңсыз есірткі тасымалын және бақылаусыз көші-қонды болдырмау жөніндегі міндеттерін орындауға шақырды. Ал Алматыны гуманитарлық көмек жіберілетін логистикалық алаң ретінде қолдануды ұсынды. Қазақ елі ауған халқына көмек ретінде құны 2,5 миллион доллар болатын 5 мың тонна бидай ұнын жеткізбек. Осылайша, Қазақстан аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі екенін кезекті рет нақтылады.
Альбина Әшім