Бауырлас Түрік елі Қазақстанның тәуелсіздік мерекесіне ерекше тарту жасады. Түркияда тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік монеталар шығарылды. Түркия теңге сарайында құйылған күміс ақшалар Ыстамбұл қаласында ақпарат құралдарына таныстырылды. Үш мың данамен басылған мерекелік монеталар Түркия теңге сарайының ресми сайтында 20 қыркүйектен бастап сатылымға шығады.
Тәуелсіздік мерейтойына орай шет мемлекетте тұңғыш рет құйылған монета бұл. 31 грамм күміс теңгенің бетінде біздің мемлекеттік ту мен түрік тілінде «Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы» деген жазу бар. Ал екінші жағында Қазақстанның картасы бейнеленіп, қазақ жерінде билік құрған Түрік қағанаты, Алтын Орда, Қазақ хандығы сияқты мемлекеттердің атаулары жазылған. 550 жылдық тарихы бар Түркия теңге сарайы бүгінге дейін 600 ден аса осындай мерекелік монета шығарыпты.
Абдуллаһ Ясир Шахин, Түркия Теңге сарайының директоры:
Негізі біз мұндай мерекелік теңгелер шығаруды бір жыл бұрын жоспарлаймыз. Алайда бауырлас Қазақстанның тәуелсіздігіне арналған монета шығару туралы бас консулдықтан ұсыныс түскенде біз оны қуана-қуана қабылдадық. Дизайнын бірлесе жасап, Қазақстан үшін тұңғыш, ерекше естелік теңге шыққанына сенімдімін.
Мұндай монеталардың өзіндік құны әжептәуір қымбат болса да, Түркияда 20 лирадан, яғни шамамен мың теңгеден сатылады. Алайда бұл теңгелер Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына сәйкестендіріліп, 30 лирадан сатылатын болды.
Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі:
Біз үшін бұл монетаның ерекше мәні бар. Себебі Түркия монета сарайы 14 ғасырдан бері бастау алады, ал қазіргі таңда үлкен құрылым. Сондықтан алғаш рет осындай ынтымақтастық құрып отырғанымызға қуаныштымыз. Бұл монета арқылы тәуелсіздіктің 30 жылдығын көрсе, монетаның артқы бетінде көрсетілгендей қазақ мемлекетінің тарихын да біле алады.
Қазақ елінің ең үлкен мерекесі тәуелсіздік күніне арналған бұдан өзге де шаралар Түркияда жыл басынан бері өтіп келеді. Енді келер аптада қазақ өнерпаздары Түркияның бірнеше ірі қаласында концерт қойып, Ыстамбұлда дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтпек.
Айдос Әшімұлы