Алматы облысында интенсивті алма бақтарының көлемі артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында интенсивті алма бақтарының көлемі артып келеді

09.09.2021

Алманың отаны Жетісу өңірінде интенсивті бақтардың көлемі артып келеді. Елді қуаңшылық жайлап жатқанда тың әдіс сумен бірге жерді тиімді пайдалануға да қолайлы. Бір ғана Еңбекшіқазақ ауданында 6500 гектарға жуық бау-бақша болса, олардың үштен бір бөлігі интенсивті технологияға көшкен.

Әдетте алма бағының бір гектарына 800 түп ағаш отырғызылып, өнім тек 7-8 жылдан кейін ғана алынады. Ал интенсивті әдіспен өсірілген бақтарда әр гектарға 3600-ге дейін көшет қондыруға болады. Өнімді 2-3 жылдан кейін-ақ бере бестайды. Бұл жерде ағаштар тамшылатып суарылып, үстінен жұқа тор тартылады.

 Владислав Музыкин, cеріктестіктің бас агрономы:
 Бұл торлар ағаштарды жиі жауатын бұршақтан сақтайды. Себебі біздің ауа-райы өте құбылмалы. Сондай-ақ күннің тікелей сәулесінен де қорғайды.

Бұл шаруашылықтың 100 гектар бау-бақшасы осындай әдіспен өсіріліп жатыр. Қазір өнім жинау науқаны қыза түскен. Маңайдағы елді мекендерден алма теруге 130 адам тартылған.

Ақжүніс Ахметқазина, Көлді ауылының тұрғыны:
 Күндік ақшамыз бес мың теңге төлейді. Ондай ақшаны үйде жатқанда кім береді?
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Бұл алманың «Гала» деген сорты екен. Италиядан әкелініпті. Өсіп тұрғанына төрт жылдан асты. Бір талдан 80-90 алма өсіп шығады екен. Байқасаңыздар алманың түрі, пішіні, салмағы бәрі бірдей екен. Ал бір түп алма ағашынан 15-20 кг өнім алуға болады.

Шаруашылықтың 4200 тонналық қоймасы бар. Алманы ұзақ сақтау үшін қойма көмірқышқыл газымен толтырылады. Ал өнім жыл 12 ай Қазақстандағы ірі сауда нүктелерінен бөлек Ресейге де экспортталуда.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу