1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңге болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңге болады

01.09.2021

Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялап, Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады.

Мемлекет басшысының дәстүрлі жолдауына қара орман халық жыл сайын мұқият назар аударады. Себебі жылда Президент Парламенттің қоңыр қабырғалы үйінен елдің болашақ бағдары мен қазіргі қадау-қадау түйінді мәселелерге тоқталады. Биыл да солай болды. Әлемдік коронадағдарыс ел экономикасына салқынын тигізіп жатыр. Сол себепті «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары жалғасын таппақ. Бұл кәсіпкерлерге елеулі қолдау. Қарапайым азаматтарға да жағымды жаңалық бар. Жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейтіледі. Бұл 1 млн-нан аса халықтың нәпақасының артуына себепкер болмақ. Сонымен қатар Президент бюджет қызметкерлерінің жалақасы жыл сайын 20 пайызға өсіп тұратынын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары мұнан тыс қалды. Бұлар музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалары. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді.

Қазақ үшін басты мәселенің бірі - баспана. Енді бұл саладағы жұмысты жүйелендіру міндеті «Отбасы банкіне» жүктелмек. Бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленеді. Зейнетақы қорындағы жеткілікті шегінен асатын жинақты «Отбасы банкіне» аударуға рұқсат беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тұрғын үй азаматтарымыз үшін қашан да басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады. Сонымен қатар нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай Бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады. Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында бір терезе қағидатты бойынша есеп жүргізіп, азаматтарғат ұрғын үй бөлу міндеті тұр.

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы, әсіресе талан-таражға түсіп жатқан субсидияны дұрыс бөлу мәселесі көтерілді. Көмек қаржы саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн деді президент. Ал агроөнеркәсіптегі технологиялардың 90 пайызы ескірген. Оны жаңарту мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселе.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің аграрлық саясатымызда сабақтастық болмай отыр. Министр ауысса, оның саясаты да өзгереді. Мұндай жағдайда шаруаларға жұмысты жоспарлау қиынға түседі. Бірыңғай негізгі бағыт болуы қажет. Соған сәйкес субсидиялау мәселесін қайта қарау керек. Соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің көбі осы салада болып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Нормативтік негізін нығайтып, жоспарды нақты құруымыз керек. Субсидияны әзірлеу тәртібі түсінікті әрі ашық болуы тиіс. Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия қолжетімді болуы қажет.

Президент азық-түлік бағасының негізсіз өсуін сынға алды. Әдетте баға өссе мемлекеттік мекемелер жауапкершіліктен жалтарып, басын ала қашады. Бір-біріне сілтеу басталады. Енді бұған жауапты нақты орган бекітілуі тиіс. Жағдайды жөнге келтіру үшін үкіметке бір ай уақыт берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанның аграрлық әлеуеті туралы көп айтылады. Дегенмен Агро Өндіріс кешені саласында мәселе аз емес. Алдымен ол жөнсіз бағаның өсуі мен тауар өнеркәсібі жұмысын дұрыс үлестіру. Мен бұған дейін елімізде көтерме үйлестіру желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет жүзеге асу деңгейінде тұр. Ұсақ ауыл шаруашылық тауар өндіруді сол желімен қамтамасыз ету керек. Сол арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің өз шаруашылығы болады. Бұл салада монополияға жол жоқ.

Үкімет пен қатар Ұлттық банктің жұмысына да сұрақтар туындады. Ең әуелі инфляцияны тізгіндеу қажет. Мемлекет басшысы оны 4-6 процент дәлізіне қайтаруды жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз инфляцияның бақылаусыз өсіміне тап келдік. Ұлттық банк, Үкімет оны әлемдік тенденцияларға сілтеп, инфляция алдында дәрменсіз болып шықты. Мұндай сипаттағы желеулер ұлттық экономиканың қауқарсыздығын көрсетеді. Тағы бір сұрақ туындайды. Сонда біздің кәсіби экономистердің рөлі неде? Ұлттық банк пен Үкіметтің басты міндеті – инфляцияны 6-4 пайыз дәлізіне қайтару.

Қазынаны қампайтудың орнына шығынмен жұмыс істеп жатқан ұлттық компаниялар бар. Алайда бірінші басшылар оған ешқандай жауапкершілік арқаламайды. Алдағы уақытта бұл жағдай өзгеруі мүмкін.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Стратегиялық мақсатымыз - Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту. Мемлекет басшысы ауқымды жоспарымызға осылай бағдар берді. Сонымен қатар энергетика мәселесіне де тоқталды. 2030-жылға қарай елімізде электр қуатының тапшылығы сезілуі мүмкін. Ал мәселенің шешімі ретінде мемлекет басшысы бейбіт атом энергетикасына назар аудару керек дейді. Енді бір жыл ішінде Үкімет пен «Самұрық-Қазына» Қазақстанда қауіпсіз әрі экологиялық атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеуге тиіс.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу