Басты Жаңалықтар Петропавлда екі жыл бұрын ашылған емхана бос тұр

Петропавлда екі жыл бұрын ашылған емхана бос тұр

Петропавлдың Береке шағын ауданында екі жыл бұрын ашылған емхана әлі күнге толыққанды жұмыс істемей тұр. Жауаптылардың айтуынша, оған құрылыс кезінде кеткен олқылықтар себеп. Ал зардабын тұрғындар тартып отыр. Көпшілік дәрігерге қаралып, қарапайым медициналық қызметтерді пайдалану үшін 4 жердегі емдеу мекемесінің арасында сандалуға мәжбүр.

Мына кадрлар құрылысы ұзаққа созылған емхананың ашылу рәсімінде түсірілген. Нысан бір ауысымда 250 адамды қабылдауға арналған.

Ақмарқа Дәулетова бірнеше диагноз бойынша есепте тұр. Зейнеткер емін-еркін жүріп тұра алмайды. Бір дәрігерге қаралу үшін бірнеше емханаға бару қиынға соғады дейді ол. 

Ақмарқа Дәулетова, қала тұрғыны:

Жолдама береді, мысалы, гинекологқа берсе, Радишевадан жазып аламыз да, екіншіге барамыз. Одан аламыз да, тағы Сәтпаевқа барамыз. Солай жүресің. Бәрібір флюрографияға да барамыз, шаруа бітпейді.

Жалпы ауданы 8 мың шаршы метрге жуық ғимаратта 3 дәрігер ғана жұмыс істеп отыр. 100-ге жуық кабинеттің есігі 2 жылдан бері ашылмаған. Медициналық қондырғылар да қаңтарылып тұр.

Нұралы Әбуов, емхана директорының м.а.:

Қосымша филиалдар бар. Сол жерге жіберіп, үздіксіз, яғни бізге тіркелген халыққа қызмет жасаудамыз. Арнайы флюрография, рентген аппарат, УЗИ аппараттары бар, бірақ іске қосылған жоқ, тағы да айтамын, объект қабылдануы керек.

Емханаға 17 мыңнан астам адам тіркелген. Ғимарат әлі күнге облыстық Құрылыс басқармасының балансында. Емдеу мекемесінің лицензиясы жоқ, сондықтан толыққанды іске қоса алмай отырмыз дейді емхана директоры.

Амантай Мұстафин, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Емхана ғимараты биыл наурыз айында қолданысқа енгізілді. Әділет органдарында тіркелді. Қазір нысанды Денсаулық сақтау басқармасының  балансына беру процесі жүріп жатыр. Оның ұзаққа созылуының себебі – ғимарат қабырғаларының жарылуы, есіктердің дұрыс ашылмауы сынды олқылықтар. Қазір оның барлығы жойылды.

Нысанды салуға «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2,4 млрд теңге жұмсалған. Құрылыс басқармасының басшылығы ғимарат бір ай көлемінде Денсаулық  сақтау басқармасына тапсырылатынын жеткізді.


Бөлісу