Еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін оның қызметтен босату туралы өтінішін мақұлдап, жаңа қорғаныс министрін тағайындады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өзін қызметінен босату туралы өтініш бергенін білесіздер. Себеп белгілі. Оның өтінішін қабылдадым. Генерал Ермекбаев министр ретінде қорғаныс қабілетін нығайту үшін тиімді жұмыс істеді. Еңбегі бар. Менің шешіміммен Қорғаныс министрі лауазымына Мұрат Бектанов тағайындалды.
Жаңа қорғаныс министрі Мұрат Бектанов бұған дейін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары болған. Және Қазақстан республикасы Қарулы Күштері Бас штабын басқарған. Президент 56 жастағы генерал лейтенантқа жарылыстың салдарын жоюға, және мұндай оқыс оқиғалардың алдын алуға пәрмен берді. Оқ-дәрілерді сақтайтын жаңа қоймалардың құрылысын жеделдету тапсырылды.
Ол нысандар елді мекендерден алыс орналасуы керек. Сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайға байланысты елдің қауіпсіздігін арттырып, қорғаныс саласындағы жемқорлықты жоюға тапсырма берді. Ал Жамбылдағы жарылыстан кейін отставкаға жіберуді сұраған экс-министр Ермекбаев қорғаныс ведомствасын 2018 жылдың тамыз айынан бері басқарып келген. Қызметінен кеткен ол бейбіт күнде болған жарылыстар үшін кешірім сұрады.
Досжан Маратұлы