Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар спортшыны мемлекеттік наградалармен марапаттады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Токио Олимпиадасындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін Елдос Сметов ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, Зульфия Чиншанло ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Дархан Асәділов, Софья Берульцева, Сәкен Бибосынов, Қамшыбек Қоңқабаев, Нурислам Санаев және Игорь Сонға «Құрмет» ордені табысталды.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев спортшыларға наградаларын табыстады. Жүлдегерлерге 31 млн теңгенің сертификаны берілді. Еркін күрестен 57 келі салмақта қола медаль алған Нұрислам Санаев бұл қаражатты түгелдей қайырымдылыққа жұмсайтынын жеткізді. 30 жастағы палуан ақшаны науқас балалардың еміне беріп, тұрмысы төмен отбасыларға көмектеспек. Сонымен бірге спортшылардың бапкерлері де марапатталды. Жаттықтырушыларға 25 млн теңгелік сертификат тапсырылды.
Нұрислам Санаев, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері:Алған сыйақымның бәрін – 75 мың долларды науқас балалар мен тұрмысы төмен отбасыларға сыйлаймын. Менің арманым орындалды – Олимпиада жүлдегері атандым. Қомақты ақша балаларға өмір сыйласын.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:Токио Олимпиадасы еліміздегі спорт саласының шынайы бет-бейнесін ашып, ондағы ахуалдың қандай екенін көрсетті. Спорт саласына шұғыл реформа қажетті көрініп тұр. Бұл ретте жанкүйерлеріміздің ескертпелері, халықтың талабы орынды деп санаймыз. Сондықтан Токио Олимпиадасынан сабақ алып, қорытынды шығаруымыз қажет.
Дарын Сағитов