Алматы облысының бағбандары суды үнемдеуге көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының бағбандары суды үнемдеуге көшті

12.08.2021

Алматы облысының бағбандары суды үнемдеуге көшті. Жергілікті жеміс-жидек өсіретін шаруашылықтардың су тапшылығын сезінгеніне екінші жыл. Тығырықтан шығудың бірден-бір жолы тамшылатып суару әдісіне көшу. Алайда бұл тәсілге көшудің де машақаты көп. Әріптесім Қуаныш Қанатұлы алқап басында болып келді.

Лазаренко шаруа қожалығының құлпынай өсірумен айналысқанына 14 жыл. Соңғы екі жыл өңірді қуаңшылық жайлады дейді, қожалық басшысы. Амалсыздан тамшылатып суару әдісіне көшкен. Құрал-жабдықтар алу, электр энергиясын қолдану сияқты қосымша шығындар жеміс-жидектің бағасына да әсер етпей қоймайды. Қазір құлпынайдың келісін алып-сатарлар алқап басынан 1200 теңгеден алып кетіп жатыр.

Андрей Лазаренко, шаруа қожалығының басшысы:
Су жетпейді. Екінші жыл қатарынан жазда мүлдем жаңбыр жоқ. Сондықтан тамшылатып суарып жатырмыз. Қазір бәрі қымбат. Судың да, тоқтың да, жанар-жағар майдың да бағасы өсті.

Шаруашылық бес гектар алқапта құлпынайдың екі түрін өсіріп жатыр. Чезена және Альбион сорттары. Біріншісі италиялық жидек. Ерте піседі. Және небәрі 20 күнде өнім береді. Екіншісі - голландиялық дақыл.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Құлпынайдың бұл сортының бір ерекшелігі қар түскенге шейін өнім береді екен. Жидектері де өте ірі. Мұндағы жұмысшылар тосап жасағанға өте ыңғайлы жидек деп отыр. Дәмі де тіл үйіреді.

Алқап басында 10 адамға тұрақты жұмыс бар. Маусым кезінде құлпынай теруге 70 адамға дейін келеді. Күніне әр жұмысшыға 4000 теңге еңбекақы төленеді. Ал әр жұмысшы шамамен бір күнде 50 келі өнім жинайды.

Наталья Диденко, Қаратал ауылының тұрғыны:
Жиын-терім қызған кезде бір қатардан 18-20 шелек өнім жинаймыз. Жай күндері 10-15 шелек береді. Қазір қайта гүлдейін деп жатыр. Сондықтан азырақ өнім алып жатырмыз.

Шаруа қожалығы құлпынай алқабын кеңейткісі-ақ келеді. Бірақ сол су тапшылығы қолбайлау болып тұр, дейді бағбан. Ал жаңа жерге тамшылатып суару әдісін қолдану үшін электр қуатын жеткізудің өзі бірталай шығын.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу