Токиодағы олимпиада ойындары аяқталды. 200-ден астам мемлекет қатысқан спорт бәсекесінде біздің ел 83-орыннан көрінді. Қоржынымызда 8 қола бар. Атлерттеріміз Олимпиададан алғаш рет алтынсыз келді. Ал, мұндай нәтижені спорт сарапшылары қалай бағалайды? Тілшіміз тарқатады.
Пандемияға байланысты бір жылға шегерілген Токиодағы дода бұрынғылардан өзгеше болды. Спорт сайыстары алғаш рет көрерменсіз өтті. 33 спорт түрінен 339 медаль сарапқа салынды.
Біздің спортшылар жарыстың 27 түрі бойынша 97 жолдама ұтып алған. Солардың сегізі қола жүлдегі ілікті. Олар: дзюдошы Елдос Сметов, зіл теміршілер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло. Боксшы Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов. Еркін күрестен Нұрислам Санаев және қос каратеші Дархан Асаділов пен Софья Берульцева. Осы каратэ Олимпиада бағдарламасына биыл жаңадан енген. Соған қарамастан, отандастарымыз олжалы оралды.
Біздің құрама әлемдік жарысты 83-ші орынмен аяқтады. Көш басында АҚШ, екінші орында Қытай, үздік үштікте жарысты ұйымдастырған Жапония. Биылғы көрсеткіш жалпы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы көрсеткен ең төменгі нәтиже. Спортшыларымыз бірде бір алтын, тіпті күміс медаль да алмады.
Нұрғиса Асылбеков, спорт шолушысы:Алдыңғы олимпиадаларда алтын алып үйреніп қалғасын дандайсып кетпеу керек. Негізі, спорттың инфрақұрылымы, спорттың эко жүйесі, ландшафты өзгерді. Мына алтын алған мемлекеттерге қарасаңыздар жағрапия тым ауқымды. Сондықтан, біздің оң жамбасымызға келетін спорт бокс пен ауыр атлетика дейміз ғой. Бокстың өзі бұл Жапония ойындарынан зорға ілінді. Сондықтан біздер осы жаңа трендтерге ілесе білуіміз керек.
Келесі жазғы Олимпиада Францияның астанасы Парижде өтеді. Оған дейін әлі үш жыл уақыт бар. Сондықтан, Токиода жіберілген қателіктерді түзеп, дайындыққа осы бастан кірісу керек,- дейді сарапшылар.
Амангелді Сейітхан