Алматы облысында әке-шешесі пневмониядан көз жұмған 4 бала жетім қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында әке-шешесі пневмониядан көз жұмған 4 бала жетім қалды

03.08.2021

Алматы облысында індеттің кесірінен бір отбасы қара жамылды. Өкпесі қабынған ерлі-зайыптылардың екеуі де бір апта ішінде аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Келіншек төртінші баласына жүкті болған. Оған шұғыл операция жасалып, дәрігерлер сәбиді аман алып қалды. Әйтсе де, ай-күні жетпей туған шақалақтың жағдайы ауыр,- дейді мамандар.

Марқұмдардың жақын туысы Камиланың болған оқиғаға еш сенгісі жоқ. Түсім сияқты дейді. Әулеттен төрт бірдей адамның өкпесі қабынып, жазылып шыққан. Десе де, бауыры Диас пен келіні Гүлназға жедел жәрдем шақыртуға тура келген.

Камила Османова, марқұмдардың туысы: 
 Жөтел деп барды. Және белім ауырып жатыр деп барған. Тамағым ауырып жатыр деп барған еді.  Компьютердан көрген соң айтты. Қабыну бар. 

Еңбекшіқазақ аудандық аурухана қызметкерлері ерлі-зайыптыларға тиісті ем-дом жасалды дейді. Аяғы ауыр Гүлназдың жағдайы күрт нашарлай бастаған соң, шұғыл операция жасауға тура келген. Дәрігерлер сәбидің өмірін арашалап қалғанымен, анасын құтқара алмады. Арада 4 күн өткен соң Гүлназ жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Дидар Айтжанов, Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: 
Жолдасы шілде айының 15-і күні біздің ковид бөліміне түсті. Өкінішке орай емдеу шараларының жасалуына қарамастан тамыз айының 1-і көз жұмды. Ерлі-зайыптылар ауырғанға дейін еш вакцина алмаған. Вакцина алған кезде мұндай қайғылы жағдай болмас еді деп ойлаймын.

Марқұмдардың туыстары енді аман қалған сәбидің тілеуін тілеп отыр. Туу туралы құжаты дайын болса, Алматы қаласының ауруханасына ауыстырады. Есік қаласының әкімі қара жамылған отбасыға қолдан келген көмекті аямаймыз деп отыр.

Айдар Бошқұлов, Есік қаласының әкімі:
Балалардың құжаттарын рәсімдеуге ат салысамыз. Бүгінгі таңда комиссия құрылып жатыр. Біздің өзіміз қатаң бақылауда ұстаймыз.

Марқұмдардың артында жаңа туған сәбиден бөлек тағы үш перзенті қалды. 4 және 5 жастағы балалары бәрінен бейхабар. Ес білген тоғыз жастағы тұңғышы ғана ата-анасын сұрап, екі күн бойы нәр татпаған. Ал туыстары дер кезінде қажетті ем жасай алмады деп дәрігерлерге өкпелі. Сондықтан ақ-қарасын анықтау үшін құзырлы органдарға жүгінеміз деп отыр.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу