Басты Жаңалықтар Люксембург Қазақстанмен ЖИ бойынша серіктесуге мүдделі

Люксембург Қазақстанмен ЖИ бойынша серіктесуге мүдделі

Люксембург Қазақстанмен жасанды интеллектіні дамыту бойынша ынтымақты арттыруға ниетті. Бұл туралы Luxinnovation мемлекеттік компаниясының басшысы мәлімдеді. Ұлттық инновациялық агенттік өкілдерімен еліміздің осы мемлекеттегі елшісі Роман Василенко кездесті. Басқосуда қос тарап өкілдері жасанды интеллекті, инновацияны дамыту, ортақ стартап жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады.

Люксембург – әлемдегі экономикасы ең қуатты  мемлекеттердің бірі. 600 мың халық тұратын кішкентай ғана ел стартаптарды дамытуға ақылды  экожүйе құруда әлемдік көшбасшы. Елдің цифрлық трансформация стратегиясын Luxinnovation мемлекеттік компаниясы жүзеге асырып отыр. Ұлттық инновациялық агенттік бизнес пен ғылымға жасанды интеллект технологиясын енгізу жобаларына қолдау көрсетеді. Агенттік Қазақстанмен осы тың тәжірибесімен бөлісуге бейіл. 
Марио Гроц, «Luxinnovation» мемлекеттік компаниясының бас директоры:
Қазақстан – біз үшін өте тартымды серіктес. Экономикасы қарқынды өсіп келе жатқан елдеріңіз жасанды интеллекті дамытуға басымдық беріп отыр. Осы салада Люксембург та өз экономикасын нығайтуға  тырысуда. Сондықтан біз жасанды интеллект және озық технологиялар саласындағы ынтымақтастық пен бірлескен жобалар үшін сіздерден көп мүмкіндік көріп отырмыз. Болашақта осы мүмкіндіктерді белсенді түрде зерттегіміз келеді.

Luxinnovation Kazinnovation мен тығыз байланыс орнатуға ниетті. Кездесуде Елші Роман Василенко елдегі жасанды интеллекті, цифрлық инфрақұрылымды күшейтуге бағытталған жобалар жайлы баяндады. Люксембургтықтар  қазақстандық суперкомпьютерлердің қызметіне, Alem.ai платформасының жұмысына қызығушылық танытып отыр. Жалпы қазір Қазақстанда 200-ден астам Люксембургтық компания жұмыс тұр. Ұлы Герцоктік кәсіпкерлері қазақ экономикасына 4 млрд доллардан астам инвестиция құйған.

Роман Василенко, Қазақстанның Бельгия мен Люксембургтағы елшісі:

Люксембургтық «Hydrosat» компаниясы инфрақызыл камераларды пайдаланып, Жерді ғарыштан сканерлеу арқылы топырақтың тереңіндегі суды анықтай алады. Бұл өте тың тәжірибе. Компания қазір оны Тараз аймағында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырып жатыр. Болашақта бұл жоба бүкіл ел аумағы бойынша іске қосылады деген үміттеміз.

Қазақстан үшін Люксембургтың қаржы саласындағы, спутник пен ғарышты дамыту тәжірибесін игеру де маңызды. Ұлы герцоктік біздің елмен ғылыми ынтымақтастық орнатып, барымен бөлісуге әзір. Серіктестер қазанда Астанада өтетін цифрлық технологиялар және жасанды интеллект форумына қатысып, ортақ жобаларды жүзеге асырудан үмітті.


Бөлісу