Бүгін Токио Олимпиадасы аясында жеңіл атлетика бәсекелері басталды. Қазақстан командасынан бірінші болып үш қарғып секіру бойынша спортшылар бақ сынады. Олимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын ұстап шығып, көпшілікті тәнті қылған Ольга Рыпакова үшін биылғы дода сәтсіз аяқталды. Жерлесіміз іріктеу сынынан өте алмай, жарыс жолынан шығып қалды. Жалпы, жарысқа қатысшуыларға үш мүмкіндік берілді. Финалдық сынға 12 спортшы жолдама алады. Рыпакова 13 метр 69 сантиметрге секіріп, 24-ші орынды місе тұтты. Сондай-ақ, іріктеу кезеңінде Мария Овчинникова мен Ирина Эктова да сынға түкен болатын. Олар жарыстың бірінші айналымынан аса алмай, 26-шы және 31-ші орын алды. Еске сала кетейік, Ольга Рыпакованың еншісінде Олимпиаданың үш медалі бар. Ол 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында чемпион атанса, 2008 жылғы Бейжің ойындарында күміс, 2016 жылғы Рио Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған.
Академиялық есуден Токио Олимпиадасына қатысқан жалғыз қазақстандық спортшы Владислав Яковлев жазғы ойындарды 19-шы орынмен аяқтады. Ол жұбаныш финалы деп аталатын Д тобындағы жарыста бірінші болып келген. Осылайша 7 минут 3 секунд уақытымен үздік жиырмалыққа кіріп отыр. Владислав журналистерге берген сұхбатында дайындық кездерінде аздап қиындықтар кездескенін айтады. Әсіресе, алты ай қыста судан алыстап қалғанның әсері тиді деген ойда. Енді ол аздаған демалыс алып, келесі жылы өтетін Азия ойындарына дайындықты бастап кетпек.
Қазақстан ұлттық құрамасы әзірге жалпы командалық есепте 59-орында келеді. Ал көш басында Қытай құрамасының спортшылары. Оларда 18 алтын. Жарыс қожайындары қалысар емес. Жапония спортшылары да 17 алтын медальді еншілеген. Ал ең көп медальді иемденген Америка Құрама штаттары үздік үштікті түйіндеп отыр. Дегенмен оларда алтын медаль саны 14. Ресей Олимпиада комитеті туының астында өнер көрсетіп жатқан спортшылар 4-орында келеді. Олар 10 алтын алқаны иеленген. Ал біздің ұлттық құраманың қанжығасында әзірге 3 қола медаль бар