Түркістан облысында көпбалалы отбасы далада түнеуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында көпбалалы отбасы далада түнеуге мәжбүр

28.07.2021

Түркістан облысында көпбалалы отбасы апатты үйде тұрып жатыр. Үш жыл бұрын сегіз баласы бар жанұяға жергілікті билік баспана берген. Алайда, сапасыз салынған үй биыл көктемде сыр берді. «Қирандының астында қаламыз ба» деп қорыққан бала-шаға қазір далада күнелтуге мәжбүр.

Қирағалы тұрған үйден қауіптенген Қарашаш Ақылбекова қазір шиеттей балаларымен далада тұрып жатыр. Қабырғасы қақырып, іргесі сөгілген баспананы өз күшімен жөндемек болыпты, бірақ көктемдегі қар суына шыдас бермеді дейді.

Қарашаш Ақылбек, Темірлан ауылының тұрғыны:
Қыстың күні мына жерден суық ұрғаннан кейін мына пластиктерді құйдық. Бұдан тоқтамады. Одан кейін қарасам, мына дуал, терезе түсіп жатыр. Сөйтіп наурызда әкімдікке барып, «үйім осындай болып жатыр» деп мәлімет бердім.

Әкімдіктен келген мамандар тұрғын үйді жарамсыз деп тапқан. Сөйтіп жанұяға жаңа баспана беруге уәде етіпті. Содан бері бірнеше ай өтті нәжие жоқ деп өкпелі. Ас ауқатын далада дайындап, жан бағып отырған отбасына әсіресе аптап ыстықта қиын болып тұр. Бір мезгіл болса да балалар амалсыз үйге кіруге мәжбүр.

Нұрислам Құланбаев, ұлы:
Күндіз осы үйге кіреміз ұйықтауға, бірақ қорқамыз. Түс қайта осының ішінде ұйықтаймыз. Ал, түнде далаға жатып жүрміз. Жаңбыр жауғанда палаткаға кіреміз. Мына үй құлап кете ма деп қорқамыз.

Қар мен жаңбыр суынан көршісінің үйі де жарыла бастапты. Олар да үйінді астында қаламыз ба деп үрей құшағында күн кешуде.

Жауапты мамандардың айтуынша коммуналдық үй 2006 жылы салынған. Ол кезде ешқандай ақау анықталмапты. Дегенмен,әкімдіктегілер отбасына уақытша баспана тауып беруге уәде етті. Пәтер ақысын демеушілер есебінен төлемек. Ал, жаңа үйдің құрылысы келер аптада басталады деп сендірді.

Арман Ысқақов, Ордабасы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
Құрылыс материалдары түсірілген. Қазіргі таңда жұмысшылар іздестірілуде. Бір апта көлемінде келеді, іргетасын бастап қалайды. Биыл құдай қаласа қазан айының соңына дейін бұл үйді бітіріп, бұл апайлар өзінің үйінде тұратын болады.

Көршісінің үйі де бастан аяқ жөнделетін болды. Апатты үйдің тұрғындары ертең уақытша баспанаға көшірілмек.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу