Кейінгі жылдары түркі халықтарының ішінде садақ атуға қызығушылық арта түскен. Әсіресе, соңғы кездері өткізіліп жүрген спорттық жарыстарда жастардың садақ атуға ынтасы жоғары екені байқалады. Бауырлас Түркия елінде де садақ ату өнерін дамытуға ден қойып жүрген азаматтар жетерлік.
Ирфан Гүрдал түріктің белгілі әнші-композиторы. Сонымен қатар кейінгі жылдары садақ атуды да жандандырып жүрген бапкер. Әсіресе түркі халықтарының садақ ату дәстүрін зерттеп, соны жаңа заманға бейімдеп, бүгінде шәкірттерімен түрлі әлемдік додаларға да қатысып жүр.
Ирфан Гүрдал, дәстүрлі әнші, садақшы:
Түркілердің садақ ату өнерін өзгелерден ерекшеп тұрғаны садақтың жасалу тәсілі. Мысалы мына садақ төрт бөліктен тұрады. Беті мүйізден, ортасы ағаш, ішкі жағы сіңір және соларды біріктіретін арнайы табиғи желім. Ал өзге халықтарда садақ тек ағаштан жасалатын болған. Біздің садақтың осындай ерекшелігі жебенің ұшу қашықтығы мен соққысын өзгелерден әлдеқайда күшті қылған.
Түркілердің садақ атудағы өзге халықтардан тағы бір ерекшелігі ат үстіне тұрып атуы. Бұл әдіс мылтық шыққанға дейін түркілерге соғыс алаңында өте үлкен басымдық беретін. Ерекше әдіспен жасалған садақтың әсерімен түркілердің атқан оғы 800 метрге дейін жететін болған. Бұл сол замандағы зымыран есебінде еді.
Ирфан Гүрдал, дәстүрлі әнші, садақшы:
Оқ-дәрімен атылатын қарулар шыққан соң, бүкіл әлем садақ атуды тастап кетті. Алайда Осман империясында садақ атуды спорт түріне айналдырып, арнайы сайыстар өткізіп отырған. Хатқа түскен деректерде Тозкопаран Искендер деген адамның бір сайыста жебені 846 метрге жеткізгені жазылған. Бұл рекордты бүгіне дейін әлемде ешкім жаңарта алған жоқ.
Түркияда садақ ату спорты кейінгі 10-15 жылда қарқынды дамуда. Оған себеп Осман империясының тарихына қатысты фильмдердің көптеп шығуы және халықтың ұлттық дәстүрлерге қызығушылығының артуы дейді мамандар. Бүгінде садақ ату орта мектептерде қосымша пән ретінде енгізіліп, жыл сайын сайыстар өткізіліп тұрады.
Едипил Эрсой, садақшы:
7 жылдан бері садақшылықпен айналысып келемін. Осында командамызбен жаттығу жасаймыз. Халықаралық түрлі сайыстарға шығып тұрамыз. 2018 жылы Қазақстанға да барып садақ ату жарысына қатысқанбыз. Қазір пандемия болған соң жаттығуларымыз азайды. Дегенмен Түркияда жастар арасында садақ атуға қызығушылық өте жоғары.
Мамандар садақ ату мергендікке, төзімділікке үйретумен қатар, көз ауруларының алдын алуға да септігін тигізетінін айтады.Сол себепті де болар, соңғы кездері жастар осы спорт түріне ден қоя бастады.
Айдос Әшімұлы