Талдықорғанда елорда күніне орай халықаралық талаптарға сай олимпиадалық бассейн пайдалануға берілді. Құны 11,4 млрд теңге болатын жүзу бассейні мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде салынды. Жаңа нысанда су спортының бірнеше түрінен жаттығып, әлемдік деңгейде жарыстар ұйымдастыруға болады.
Биіктігі 10 метрлік трамплин, ұзындығы 52, ені 25 метр жүзу бассейні суға секіру, су добы, түрлі қашықтыққа жүзу және синхронды жүзу, аквааэеробика сынды танымал спорт түрлеріне өте қолайлы етіп жасалған. Бір мезетте 570 көрермен әлемдік деңгейдегі жарыстарды тамашалай алады. Спорт майталмандары мұндай жүзу алаңы Орта Азия көлемінде алғаш салынғанын айтады.
Нұрбақыт Теңізбаев, Алматы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы:Қаншама балалар қуанып жатыр. Халық қуанып жатыр. Бұл жерде халықаралық, республикалық үлкен чемпионаттар жарыстардың бәрі ұйымдастырылатын болады.
Бұған дейін су спортына ден қойған жас талдықорғандықтар Өркен спорт кешеніндегі шағын бассейнде жаттығатын. Жаңа бассейн биіктерді бағындыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ бұл заманауи нысанның арқасында бұқаралық спорт дамып, суда жүзуге құмартқан жандардың қатары артпақ.
Аяжан Айнабекова, спорт мектебінің тәрбиеленушісі:Біз өте қуаныштымыз. Себебі жарыстар 50 метрлік бассейнде өтеді. Ал біз 25 метрлік бассейнде жаттығу жасаймыз. Сондықтан жарысқа дайындық кішкене көбірек болады. Және де жарыстарда жақсы результаттар көрсетеді деген ойдамын.
Алдағы Токио олимпиадасына жетісулық спортшылар 11 жолдама жеңіп алды. Арасында осы су спорты түрлерінен қатысатындар бар. Жаңа бассейн тек кәсіби спортшыларға ғана емес, облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына да қызмет көрсететін болады.
Қуаныш Қанатұлы