Креативті экономика деген бар. Қысқа қайырғанда, творчестволық өнімнен пайда табу. Сәл тарқатсақ, білім-ғылымға сүйенетін, өнер, мәдениет, бизнес және технологиялар ұштасатын индустрия деуге де болады. Дәл сипаттау қиындау. Себебі сан-салалы. Мысалы оған архитектор мен дизайнер жобалары да, бейне және дыбыс продакшн де кіреді.
Қиялы ұшқыр ғана емес, одан өнім шығара алатын адамдарға мемлекет жағдай жасауы керек. Қызметтеріне байланысты жұмысты жеңілдететін заң дайындап, идеяны іске асыруға көмектесуге дейін. Айналып келгенде ол мемлекет үшін де пайда. «Туһ, бұл не экономика» деп кеттіңіз бе? Данияр Қайыртай түсіндіреді.
Данияр Қайыртай, тілші:
Ең алдымен «креатив» сөзі «шығармашылық» деген мағына беретінін білсек, «Креативті экономика» ұғымын там-тұмдап түсінуге болатын секілді. Мұндағы тауар – шығармашылық өнім немесе контент. Демек креативті экономика – адам қиялынан шығарылған өнімді сату, одан пайда табу деген сөз. Ал ой-қиял, білім, интеллект – сарқылмайтын ресурс. Басқа экономика салаларынан басты артықшылығы осы. Креативті экономика бойынша көшбасшы ел саналатын Ұлыбританияда бұл экономикаға 13 шығармашылық индустрия кіргізілген. Тізімде реклама, маркетинг, сәулет өнері, қолөнер, дизайн, кинематограф, видео мен фотоөнер, медиа, IT, баспа ісі, музей мен галереялар, музыка және бейнелеу өнері бар. Креативті экономиканы дамытуды қолға алған басқа да мемлекеттердегі тізім осыған ұқсас.
Данат Жумин, Креативті индустрияны дамыту бойынша жобалық кеңсенің жетекшісі:
Дамыған елдерге қараңыздаршы. Дубай екі ай бұрын креативті экономиканы дамытуға арналған стратегиясын қабылдады. Қазір іске асырады. Сингапурде арнайы бағдарлама бар. Көрші Ресейде де арнайы бағдарлама бар, заң қабылдауға жұмыс жасап жатыр. Ұлыбританияда бар, АҚШ-та бар, Канадада бар. Бізде?
Ерболат Беделхан, продюсер:
Креативті экономика жоқ Қазақстанда. Біз енді бастап жатырмыз. Кинолар, әлемдік музыканттар – жұмсақ күш. Жұмсақ күш біздің ішімізде болмағандығы – идеологияның болмағандығы. Осыны өнер адамдары қалыптастырады. Ол тіпті қауіпсіздіктің үлкен бір триггеріне айнала алады. Мысалы, біз жұмсақ күш арқылы контент шығарып отыра, бүкіл елді ауызбіршілікке әкелетін болсақ, идеология дұрыс жұмыс істейтін болса, сонда бізде тұтас бір ортақ сана-сезім пайда болады.
Сәния Баженеева, музыкатанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы:
Осы жұмсақ күштің негізінде мемлекет немесе халық өзінің атын шығара алады. Оңтүстік кореяны алатын болсақ, олардың драмалары бар, сериалдары. Сонда көрсетілетін кореяның белгілі бір керемет табиғаты бар жерлерді көрсетеді. Менің көптеген достарым әр түрлі мемлекеттерден әдейі Оңтүстік Кореяға сол жерді көру үшін, осы жерде менің сүйікті драмам түсірілді деген оймен барады. Сонда қараңыздар қанша адам Кореяға пайда түсіреді?!
Елордадағы алғашқы тикток-хаустың жетекшісі Ерболат Алпысбаев әлеуметтік желіні де дәл осындай мақсатта пайдалануға болатынын айтады.
Ерболат Алпысбаев, продюсерлік орталық жетекшісі:
Жалпы Қазақстан үшін блогер хаб, медиа хаб үлкен үлесін қоса алады. Өйткені біз өз блогерлеріміз арқылы туризмді дамыта аламыз. Өнеркәсіпті де дамыта аламыз. Тіпті экспортқа шығуға көмектесе аламыз, себебі блогерлерді әр түрлі елден көреді. Бізге субсидиялар берсе, егер біз жақсы жұмыс көрсетсек.
Шони Ансар, тиктокер:
Тиктокта әртүрлі мемлекеттен әзірге 80 мыңдай оқырманым бар. Оларға Қазақстанның тұмса табиғатын таныстырғым келеді. Ол үшін өзімнің қазіргі контендімді сондай әдемі локацияларда түсірмекшімін.
Креативті экономика өкілдерінің өзі мемлекеттің араласуынсыз жұмыс өнбейтінін мойындап отыр. Бірі, жаңа айтылғандай, субсидия сұрайды, енді бірі жүйе құрып берсін дейді.
Ерболат Беделхан, продюсер:
Жетіспейтіні біреу-ақ – жүйенің мүлдем жоқтығы. СССР кезінде белгілі бір жүйе болды мысалы. Сол құлағаннан кейін басқа жүйе жоқ. Сондықтан той-бизнес деп атап кеткеніміз содан. Контрольсыз ешқандай. Қауіпті жағы – бұл политикалық құралға айналмауы керек. Сондықтан да өте маңызды – жеке кәсіпкерлерді тарту.
Демек мемлекет контентке араласпай, тек мүмкіндіктер жасауға ғана көңіл бөлуі керек. Әрі қарай шығармашылық адамдары мен ұйымдар өзі-ақ іліп әкетеді. Сол үшін Үкімет жанынан құрылған жобалық кеңсе креативті индустрияны дамытуға арналған тұжырымдама әзірлеп жатыр. Ол алдағы айда дайын болады. Бірақ оған тоқмейілсуге болмайды дейді мамандар. Келесі кезекте – жеке заң жазылып, халықаралық құжаттар бекітілуі тиіс.
Сәния Баженеева, музыкатанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы:
Заң керек. Себебі ол біріншіден, шығармашылық қызмет көрсететін адамдардың құқықтарын қорғау керек. Олар өздерінің креативті ой жүгірістерінің арқасында жаңа бір өнім өндіруге ешқандай кедергі болмауы керек. Юнесконың 2005 жылғы конвенциясы бар. Біз Қазақстан әлі ратификациялаған жоқпыз. Орталық Азия регионында Тәжікстан, Өзбекстан оны қабылдады.
Жоғарыда жүйе жоқ делінді. Сөйтсек сол жүйенің тізбек-тізбегінде жұмыс істейтін мамандар да жоқ екен, бізде.
Сәния Баженеева, музыкатанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы:
Бізде жалпы ондай мамандықтар, кәсіптер атымен де жоқ. Себебі біз білмейміз ондай тізбекке кім қатыса алатынын. Біз білеміз: автор бар, тұтынушы бар. Ал арасында кімдер бар екенін біз түсінбейміз де.
Айка Әлемі, дизайнер:
Бізде ән айтуды, би билеуді, сурет салуды, тігін тігуді үйретеді. Бірақ соны сатуды үйретпейді. Менеджмент, маркетинг сынды көптеген кәсіп түрлері бар, әлемдік нарықта. Біз тым құрығанда ішкі нарықта шетелдік өнімдермен бәсекелесе алуымыз керек. Себебі тұтынушы қазір шетелдің фильмін көреді, музыкасын тыңдайды, киімін киеді.
Халықаралық сарапшылардың есебінше, дүниежүзілік жалпы ішкі өнімдегі креативті индустрияның үлесі 3 пайыздың мөлшерінде. Ал таяу арада 10 пайызға жететіні болжанып отыр. Қазақстандағы жағдай да осыған ұқсас. Әйтсе де біздегі креативті экономиканың көп бөлігі «көлеңкеде» қалып отыр.
Данат Жумин, Креативті индустрияны дамыту бойынша жобалық кеңсенің жетекшісі:
Қазақстанда креативті сектордың үлесі экономикамызда 2,8 пайыз.+08,50 Тиімді мемлекеттік саясат жүргізсек біз 10 жылдың ішінде бұл көрсеткішті 10 пайызға жеткіземіз. Ол жылына 15-16 млрд АҚШ доллар беруге потенциал бар.
Қазақстандағы креативті индустрияны сарапшылар соңғы рет осыдан 3 жыл бұрын зерттепті. Нархоз университеті мен Британиялық ұйымның сол ғылыми талдауында елде креативті экономикаға жататын 18 мыңға жуық компания тіркелген деп жазылады. Бұл елдегі бүкіл заңды тұлғаның 4 пайызға жуығы. Ал сонда олардың өнімі қайда? Қандай контент жасап жатыр, өзі?
Данат Жумин, Креативті экономиканы дамыту бойынша жобалық кеңсенің жетекшісі:
Біреулер контент жасайды. Біреулер тұтынады. Біз ел ретінде өзімізге сұрақ қояйық. Біз контентті жасаймыз ба, тұтынамыз ба?!
Данияр Қайыртай