Түркістан облысында колледждерге бөлінген грант саны соңғы екі жылда төрт есе азайып кеткен. Салдарынан ұстаздар жұмыссыз қалып, бірнеше мамандық түрі қысқартылған. Бұлай жалғаса берсе кәсіптік білім беретін оқу орындары жабылып тынады дейді мамандар. Айнұр Ақбаева мәселені анықтады.
Түркістан облысындағы колледж директорлары бүгін талапкерлерді қабылдаудың орнына облыс әкімдігінің алдына жиналды. Бәрінің талабы біреу, облыстық бюджет есебінен бөлінетін грант саны қысқармасын дейді. Бұған дейін арнайы құрылған комиссия отырысында 7043 грант бекітілсе, енді ол 3,5 мыңға кемиді деп хабарлаған.
Айдос Аппазов, Түркістан облысы колледж директорлары кеңесінің төрағасы:
Үш жарым мың деген ол мемлекеттік колледждер түгілі жеке колледждерге де жетпейді. Себебі, біздегі коммуналдық услуга бар. Ұстаздардың айлығы қазір өсіп жатыр. Оның бәрін қосқан кезде массовый сокращениеге алып келеді. Ұстаздарды қысқарту керек боламыз. Сондықтан да бұл жерде тығырыққа тіреліп тұрмыз қазір, ата-аналарға да не айтарымызды білмейміз.
Игорь Хорохордин, Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі директорының орынбасары: Екі жыл бұрын біздің колледжге 500 грант ал, былтыр тек 300 бөлінді. Ал биыл мүлде бөлінбейін деп тұр. Қазір 50 пайыз қызметкерлерімізге жұмыстан кетуіңіз мүмкін деген ескерту қағазын беріп қойдық. Ақша жоқ, немен төлейміз. Топтар да жабылады. Одан кейін колледждің өзі жабылып қалады.
Өңірдегі 60-тан аса колледждің жартысына жуығы жекеменшік . Оқу орындары 25-ші маусымнан бастап талапкерлерден құжат қабылдауы керек еді. Алайда грант саны мен мамандықтар тізімі белгілісіз болған соң, құжаттарды тіркей алмай отыр.
Айдана Ізбасарова, ата-ана:
Грант мәселесі әлі шешілмеді дейді, не болады, қандай болады, қандай мамандыққа түседі, оны да білмейміз. Ертең баламыз босқа оқуға түсе алмай қалмайды ма деп оны да уайымдап отырмыз.
Директорлардың наразылығынан кейін арнайы комиссияның шұғыл отырысы өтті. Онда биыл студенттер үшін 5610 грант бөлінгені белгілі болды. Республикалық бюджеттен қаржыландыру тоқтағандықтан грант саны күрт кеміді дейді мамандар.
Рақымбек Жолаев, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:
Ол кезде мемлекеттік "Еңбек" деген бағдарлама болған. Республикадан қосымша қаржы келіп отырған. Ол бағдарлама аяқталды. Енді қазір тек қана облыстық бюджеттен шешіліп отыр.
Мемлекет есебінен оқитын сутаденттер санының кемуі колледжерді тығырыққа тіреуі ықтимал. Ал облыстағы шәкірт санын ескерсек, жүздеген талапкердің биыл судент атануы екіталай.
Айнұр Ақбаева