Қашықтан жұмыс істейтін қызметкердің жалақысы төмендемейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қашықтан жұмыс істейтін қызметкердің жалақысы төмендемейді

24.06.2021

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер Қазақстан азаматтарына жеке меншікке берілмейді. Ал жалға алу бұрынғыдай қолжетімді күйінде қала береді. Сонымен қатар, ауылдық округтердегі бюджеттің бүйірі толатын болды. Себебі, елді мекендер салық пен өзге де міндетті төлемдердің 4 түрін өздеріне алып қалады. Бүгін Сенат осыған қатысты және өзге де заңдарды мақұлдады.

Қазақстан азаматтары мен отандық заңды тұлғаларға жер 49 жылға дейін жалға беріледі. Мерзім аяқталғаннан кейін оны ұзартуға мүмкіндік бар. /БЕЙНЕҚОР/ Заңға сәйкес, ауылшаруашылық жерлерін сатуға мораторий 2026-жылдың 31-желтоқсанына дейін ұзартылды. Оның бірнеше себебі бар. Сатуды цифрландырып, жерді басқаруды орталықтандыру керек. Бұған қоса, 66 млн. га жердің топырақ құнарлығын анықтау қажет.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Жердің сапасын білу жерді сатуда жердің кадастрлық бағасын айқындауға мүмкіндік береді. Жердің кадастырлық бағасы кейінгі жылдары, көп жылдан бері қаралмаған. 

Сенаторлар 4 түрлі салық пен міндетті төлемді аудандық бюджеттерге беруді мақұлдады. Олар бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, сатудан түсетін түсім мен жалдау құқығын сатқаны үшін төлем. /НҰР-СҰЛТАН/ Мәслихат қызметіне қатысты да өзгерістер бар. Енді сессия төрағасы деген лауазым болмайды.

 Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Қабылданған заң жергілікті маңызы бар міндеттерді тиімді түрде шешу үшін ауылдық, аудандық және қалалық деңгейдегі билікке жаңа мүмкіндіктер береді. Оның ішінде биыл жаңадан сайланған мәслихат депутаттарының құқықтарын кеңейтеді және мәслихаттардың жұмысын жетілдіреді.

Қашықтан жұмыс істеу енді Еңбек кодексінде заңмен белгіленді. Онлайн кезінде қызметкердің жалақысы сақталады. Сонымен қатар, құпия ақпаратты қорғау мақсатында жұмыс беруші маманмен шарт жасасуға құқылы.

Нариман Төреғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Уақытша қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыскерлерді коммуникациямен қамтамасыз ету және шығыстарды өтеу қажеттілігі жұмыс беруішінің актісінде айқындалатын болады. Егер жұмыскер өзінің коммуникация құралдарын пайдаланатын болса, жұмыс беруші өтемақы төлей алады.

Оның мөлшері екі жақтың өзара келісімі бойынша белгіленетін болады. Құжат нормалары осыған дейінгі олқылықтардың орнын толтыруға ықпал етеді. Депутаттың айтуынша, былтыр пандемия кезінде елімізде азаматтардың орта есеппен 70%-ы қашықтан жұмыс істеді.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу