Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты

18.06.2021

Коронавируспен күрескен медицина қызметкерлеріне төлемақы беру үшін тағы 71 миллиард теңге бөлінеді. Әрі дәрігерлердің жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады. Бүгін Мемлекет басшысы ақ халаттыларды кәсіби мерекесімен құттықтау кезінде осылай деді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне арналған «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты.

Ерекше ескерткіш Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы жаңа саябақта орналасқан. Президент ескерткішке гүл шоғын қойып, медицина қызметкерлеріне алғыс айтты. Ал, жаңа саябақты «Дәрігерлер аллеясы» деп атауды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл жаһандық дертке қарсы күрескен отандастарымызға деген ел құрметінің белгісі.  Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады. Елімізде 260 мыңға жуық дәрігер бар. Олар әрбір науқасытң жанына шипа іздеп күндіз түні жұмыс істеп жүр. Дәрігерлер талай адамды өлім аузынан арашалап қалды.

Әлемді дүрліктірген коронавирус бізге де оңай соқпады. Тіпті, денсаулық сақтау саласындағы 10 мыңға жуық қызметкер індетке шалдықты. 200-ден астамы қайтыс болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Коронавируспен күрескен дәрігерлерге үстемеақы мен сақтандыру жәрдемақысын төлеуге 180 миллиард теңге бөлінді. Үкімет қазан айына дейін төлемақы беруді жалғастыру үшін тағы 71,5 миллиард теңге бөледі. Біз дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыра бастадық.
Эльмира Әдішова, инфекционист-дәрігер:
Ең алғашқы науқасты коронавируспен мен қабылдадым. Содан бері біздің бөлімшеден 1200 науқас емделді. Әрине оңай болған жоқ. Бірақ, дер кезінде мемлекет тарапынан медициналық жабдықтар қамтамасыз етілді.  Осындай керемет саябақтың ашылуы - біздерге үлкен мәртебе.

Президент медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғау жүйесін құруды тапсырды. Әсіресе, ауылдағы мамандарға үй беру, жәрдемақы төлеу жағы жақын арада шешілуі қамтылуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев ,Қазақстан Республикасының Президенті:
Медицина қызметкерлеріне тек қаржылай қолдау жеткіліксіз. Қазір олардың моральдық жауапкершілігі артып, азаматтар тарапынан қойылатын талап өсті. Көп маман қысымға шыдамай денсаулық сақтау саласынан кетіп жатыр. Әлем бойынша бес миллион дәрігер жетіспейді. Сондықтан, медицина қызметкерлерін құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғау қажет. Жыл соңына дейін олардың кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін іске қосуды тапсырдым.

Дәрігерлердің мәртебесін арттыру үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағы енгізілмек. Оған ие болғандарға қомақты сыйақы беріледі. Оның көлемін Үкімет бекітеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір жағдай біртіндеп түзіле бастады. Бірақ, қауіп әлі сейілген жоқ. Шын мәнінде, дертті түбегейлі жою үшін шектеу шараларын қолдану аздық етеді. Бүгінге дейін 2 жарым млннан аста мадам вакцина салдырды. Бұл әлі де жеткіліксіз. Екпе салдыру ең алдымен елдің амандығы үшін қажет. Мұны түсінген жұрттың бәрі жер жүзінде жаппай вакцина алып жатыр.

Мемлекет басшысы №103 қалалық емханаға барып, алғашқы жәрдем беруге арналған заманауи кабинеттерді көрді. Емханада рентген, маммография, флюорография, ЛОР, ультра-дыбыстық аппараттар бар. Одан бөлек 150 орындық күндізгі стационар жұмыс істейді. Мекемеге мереке қарсаңында тәбәрік те тарту етілді.

Олжас Аменов, Амбулаториялық-емханалық кешен директорының орынбасары:
Қазіргі кезде орталыққа 78 мыңнан астам адам тіркелсе оларға қызмет көрсететін 458 адам жұмыс істейді. Биыл мамырда күніне 500 адам қабылдайтын жаңа кешен ашылды. Мұнда тіркелген 23 сала бойынша диагностикалық көмек көрсетеді.

Елордада алғашқы медициналық көмек көрсететін 36 ұйым бар. 16-сы мемлекеттік, 20-сы жекеменшік. Қазір қалада 180 мың адам екпенің бірінші компонентін алған. Ал, ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін 650 мың адамға вакцина салу жоспарланып отыр.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу