Павлодар облысында биыл 28500 жаңа жұмыс орыны ашылады. Жылдың алғашқы 5 айында 12 мыңға жуық адам жұмысқа қабылданды. Орталық коммуникациялар брифингінде өңірдің даму қорытындысы мен алдағы жоспарлары жайлы есеп берген облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов осылай деп мәлімдеді. Индустриалды аймақта өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,1 пайызға өсті. Әсіресе, өндеу саласы, оның ішінде экспорт көлемі өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым артқан. Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үштен бір есеге көп. Алдағы 5 жылға жоспарланған инвестициялық 174 жоба іске асырылады. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда да оң өзгеріс бар. Биыл 6 тауарлы сүт фермасы іске қосылады. Егістік көлемі 6 пайызға артты. Әсіресе майлы дақылдарды өсіру бойынша облыс көш бастап тұр. Тек аймақта жаңбырдың болмауынан кейбір аудандарда жем-шөп дайындау мәселесі өзекті.
Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:
Біз орталық құзыретті органдармен жұмыс істеп жатырмыз. Жеке арзандатылған жанармайды шаруашылықтарға жеткізу бойынша мәселе шешіледі деп сенеміз. Ал тауарлы фермалардан бөлек шаруашылық құрылымдарға жемшөп субсидиясын беру мәселесіне келсек, әрине, инвестициялық субсидиялардың өз ережелері бар. Оны шығаратын Ауыл шаруашылығы министрлігі. Сондықтан, министрлікпен болашақта осы бағытта жұмыс жүргіземіз.
2023 жылы аймақтағы шалғай ауылдарды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешілмек. Азық-түлік қорында бүгінде 6,5 мың тонна өнім бар. Баға тұрақтылығын сақтау үшін 173 дүкенмен келісімшарт жасалған. Ауылдық жерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 1,5 мыңға жуық жоба мақұлданып, 34 млрд теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетілді. Аймақта туризмді дамыту және қоршаған ортаны қорғау мәселелері де оңтайлы шешімін тапқан.
Болат Аманбаев