Теміртаудағы металлургиялық комбинат пен көмір шахталарының жұмысшыларына екпе алғаны үшін 10 мың теңгеден сыйақы беріледі. Алпауыт компания ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін өз еңбеккерлерін осылай ынталандыруда. Қазір компанияға қарасты комбинат пен 8 көмір шахталарында және өзге де кәсіпорындарын қосқанда 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бүгінгі күнге дейін 9 мың адам екпе алып үлгерген. Бастапқыда екпе салдырғандардың көбі әкімшілік қызметкерлері болса, енді жұмысшылар тарапынан да вакцина салдыруға белсенділік артып отыр. Вакцинациялауды жүзеге асыру үшін барлық жұмыс орындарында екпе кабинеттері ашылған
Серік Әбіров, металлург:Мен көпбалалы әкемін. Біріншіден отбасымның амандығы үшін екпені ерікті түрде аламын деп шештім. Себебі ұжымымыз үлкен. Үнемі қауіп ортасында жүресің. Екіншіден әріптестеріңнің денсаулығы үшін өзіңнің де жауапкершілігің барын ұмытпауың керек. Бүгінде індетті жеңудің жалғыз жолы осы екпе алу, ұжымдық қауіпсіздікті арттыру.
Вакцина салдырсаңыз, «Төлем» картасын аласыз. Шымкентте коронавирусқа қарсы екпе салдырған азаматтарға қоғамдық көліктерде жолақыны төлеуге арналған карта сыйлыққа берілуде.
Картаға ие болғандар қолма қол төлем жасағандарға қарағанда 30 теңге кем төлейді. Әрі инфекция жұқтырудан сақтанады. Жалпы Шымкент қаласында егу науқаны басталғалы 190 мыңнан астам азамат вирусқа қарсы вакцина салдыртқан. Оның ішінде 96 мыңға тарта адам екпенің екі компонентін де алып үлгерді.
Лола Нұрметова, қала тұрғыны:Жақсы, біріншісінен кейін ешқандай температура болған жоқ. Осы аурудың алдын алудың жолы тек вакцина деп ойлаймын.
Руслан Нұрланұлы