Президент электр энергетика саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент электр энергетика саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді

30.05.2021

Жыл басында Энергетика министрі Н.Ноғаев қалпына келетін энергия көздерінің объектісі соңғы алты жылда 10 есеге көбейгенін айтқан. Жаңартылатын энергия көздері өндіретін қуат 2014 жылы 178 МВт болса, былтыр 1635 МВт-қа жеткен. Өндіретін бүкіл электр энергияның 3 процентін құрайды. Қазір елде 116 нысан бар. Биыл 23 нысан іске қосылады екен.

Аптада Президент Қ.Тоқаев электр энергетика саласын дамыту жөніндегі кеңес өткізді. Қазақстан – әлемде ең көп энергия пайдаланатын елдердің бірі. Біздің экономика Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда энергияны 3 есе көп пайдаланады. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың негізгі қоры мен құрал-жабдықтары әлемдегі озық елдердің заманауи стандарттарына сай келмейді дегенді білдіреді. Өнеркәсібіміздің негізгі қорларын жаңғыртудың орнына, көбінесе көзбояушылық жасалады, – деді Мемлекет басшысы.

Талқыланған тақырып ауқымды, сан-салалы. Біз сөзімізді бастаған жаңартылатын және баламалы қуат көздеріне тоқталамыз. Жаңа айтқандай, жаңартылатын қуат көздерінің өсімі 3 пайызға жетті.

– Бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10 пайызға дейін жеткізуді жоспарлағанбыз. Дегенмен 15 пайыз қылуды міндеттеймін, – деді Мемлекет басшысы.

Біз мұнай мен газдан кенде болмадық. Екінші жағынан, бізге Күн де сәулесін аямай төгіп тұр. Бетті өбетін самал жел ғана емес, қаңбақша домалатып жіберетін жел де соғады. Осыларды тиімді пайдалана алу ғана - мәселе.

Досжан Маратұлының сюжеті.

Қазір әлем елдерінің негізгі энергия көзі – мұнай, көмір, және табиғи газ. Бұларды жағу арқылы жылу мен жарық аламыз. Бірақ жыл сайын ауаға 23 миллиард тонна зиянды газ бөлінеді. Әрі бұл мұздықтарды ерітіп, жаһандық жылыну процесі жүріп жатыр. Сол үшін баламалы қуат көздерін, дәлірек айтқанда қалпына келетін энергия көздерін пайдаланып жатқан елдер көп. Қазақстан да қалыс қалған жоқ.

Елімізде күннен, желден, судан қуат алатын 100-ден астам станса бар. Олардан өндірілген энергия жалпы қуаттың 3 пайызына тең. Бұл тым аз. Жауапты министрлер мен компания басшыларын жинап, жиын өткізген президент көрсеткішті арттыру керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
2030 жылға қарай 10 пайызға дейін жеткізуді мақсат еттік. Жаңа жағдайларды және қазіргі оң қарқынды ескере отырып, электр қуатын беретін станциялардағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін жеткізуді міндеттеймін. Өйткені Қазақстан қуат көздері бойынша бай ел болғандықтан, болашақта жаңа энергетикадағы жетекші орнын сақтап қалуы тиіс.

Жасыл экономикада жетекші орынға жету үшін еліміздің әлеуеті зор. Климаттық ерекшелігіміз де бұған қолайлы. Қазір баламалы көздерден 1700 мВт қуат өндірілсе, соның 20 пайызы Жамбыл облысына тиесілі. Мұнда судан, күннен және желден электр энергиясын өндіретін 16 нысан бар. Жақында тағы бірнешеуі іске қосылады. Бірақ жаңа технологиялар қыруар қаржыны талап ететіні түсінікті. Сондықтан саланы дамытуға халықаралық инвесторларды тарту маңызды. Оларға барлық жағдай жасалған.

Руслан Мұздыбеков, Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: 
Жер учаскесімен қамтамасыз ету, сосын өндірілген электр энергиясын міндетті түрде мемлекет тарапынан сатып алу. Сондай-ақ кәсіпкерлік кодексінің аясында басқа да салықтың түрлі преференстер беру сияқты көптеген жеңілдіктер қарастырылған.

Ал Ақмола облысында баламалы қуат өндіретін 6 нысан бар. Соның бірі Краснояр ауылындағы осы станса. 3,5 мВт энергия шығаратын жерге жақында тағы 7 жел генераторы орнатылмақ. Жалпы 2023 жылға дейін 4 жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Ал Аршалы, Ерейментау аудандарындағы жел генераторлары 100 мВт өндіруге қауқарлы. Десе де тоқты жинайтын қосалқы стансалар жетіспейді.

Біржан Әбдірахманов, Ақмола облысы әкімдігі энергетика бөлімінің жетекшісі: 
Осындай жобаларды іске асырған кезде қосалқы стансаларды салу керек. Олар өндірілген қуатқа сай, энергияны қабылдап алып, оны тарату үшін қажет. Қазір қосалқы стансалар жетіспейді. Жаңасын салуымыз керек немесе барын жаңғыртудан өткізу қажет.

Тағы бір мәселе. Қалпына келетін қуат көздері жобаларында қазақстандық өнімнің үлесі тым аз. Президент станса салуды үйреніп қана қоймай, жергілікті өндірісті, салаға қатысты ғылым мен технологияны дамыту қажет деді. Әрі білікті кадрларды дайындау да маңызды міндет. Өйткені маман тапшы. Елімізде энергетика саласын оқытатын 24 жоғары оқу орны болса да, электр монтерлері, жоғары вольтті желілерді жөндеушілер мен басқа да жұмысшы жетіспейді. Бір себебі - бұл саладағы қызметкерлер еңбекақысының төмендігі болса керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Соның салдарынан 2015-2020 жылдар аралығында кадрлардың тұрақтамауы 4 пайыздан 15 пайызға дейін жетті. Бұл мәселені жедел түрде шешу керек. Әйтпесе, бірнеше жылдан кейін кадр тапшылығы мәселесі ушыға түседі. Үкіметке осы саладағы кәсіби мамандардың әлеуетін және бәсекеге қабілетті еңбекақы төлеу деңгейін қалыптастыру үшін шаралар қабылдауды тапсырамын.

Жалпы энергетика саласында түйіткілді мәселе көп. Жоғары вольтті желілер тозған, жылу электр стансаларының жартысы әбден ескірген. Алматының стансасын газға көшіру мәселесі де созбалаңға салынып кетті. Президент істі шапшаңдату керек деді. Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополияға жол бермей, энергия өндіруші компаниялар арасында бәсекені арттыруы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Бүгінде электр қуатының көтерме нарығында үш-ақ алып компания тұр. Олар нарықтың 70 пайызын қамтиды. Мұны соншалықты дұрыс деуге келмейді. Электр қуатының көтерме саудасындағы екіжақты шарттар жаңа компанияларға кедергі келтіріп, электрмен қамту нарығында бәсекенің дамуына тосқауыл болып отыр. Бұл тұтынушылар үшін бағаның қымбаттауына алып келеді.

Мемлекет басшысы жаңа энергетика жөніндегі құзырет орталығын ашуды да ұсынды. Онда энергетика саласындағы инновациялық жаңа технологиялар сынақтан өтпек. Сөйтіп баламалы энергетика жобасында отандық өнімнің үлесін арттыру көзделген. Сондай-ақ, жауаптылар электр компанияларының жұмысын реттеп, желілерді кезең кезеңімен жаңартуы тиіс. Өйткені ел экономикасының өсімі энергетика саласының тұрақтылығына байланысты. Сол үшін Президент бұл істі қатаң бақылайтынын ескертті.


Хабарламаларға жазылу