Президент Атырау облысын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Атырау облысын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

22.04.2021

Мұнай өндіру көлемін бір жылда 15 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Ол үшін Қашаған кен орнын толық игеру керек. Бүгін Президент Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде онлайн жиын өткізіп, жауаптыларға тапсырма берді. Сосын өңірдегі өзге де өзекті мәселелерді көтеріп, оларды тез арада шешуді тапсырды.

Мұнайлы аймақ болса да, ахуалы мәз емес. Өңірдегі өнеркәсіп, тұрғын үй құрылысы, шағын және орта бизнес өндіретін өнім кеміп кеткен. Президент жиында кем-кетіктің бәрін тізіп, оны түзету міндеттерін атады. Алдымен мұнай-газ өнеркәсібін дамыту қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкімет өңір әкімдігімен бірлесіп, ірі мұнай-газ жобаларын уақтылы жүзеге асыруды бақылауға алуға тиіс. Болашақта кеңею жобасын уақтылы аяқтау маңызды. Сондай-ақ Қашаған кен орнын толық игеру керек. Сол арқылы бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 миллион тоннаға арттыруға болады. Нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, отандық қызмет көрсету компаниялары мен шағын және орта бизнес өкілдері үшін мол мүмкіндіктер туады.

Өңірдегі арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық құрылысы әлі бітпеген. Нысанды дамытуға 6 жыл бұрын 162 миллиард теңге бөлінген. Содан бері бір ғана жоба іске асқан. Полипропилен және полиэтилен өндірісі аяқсыз қалған. Инвестор табылмай, өнім өткізетін нарық тарылған. Президент осы олқылықтарды тез арада реттеп, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына жұмысты жеделдетуді тапсырды. Облыста жол апатының жиілеп кетуі де алаңдатады. Былтыр өңірде жол-көлік оқиғасынан 69 адам көз жұмған. Әсіресе, «Орал-Атырау» тас жолынан қауіп көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс. 2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек.

Бұл бүкіл өңірге тән кемшілік. «Нұр-Сұлтан – Алматы» автожолында жөндеу әлі жалғасып жатыр. Президент оны 2023 жылға дейін аяқтауды тапсырды. Өңірде жұмыспен қамту мәселесі де өзекті. Оның үстіне алдағы үш жылда тағы 55 мың адам жұмыстан босайды. Бұған жергілікті билік қана емес, Үкімет те баса мән беруі керек. Өйткені, аймақтағы еңбекпен қамтудың арнайы жобасы жақында аяқталмақ. Індеттің алдын алу, онымен күрес шаралары да уақыт күттірмейді. Сондықтан облыс әкімі ірі өндірістік кәсіпорын басшыларымен бірлесіп, шара қабылдауы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Індеттің жаңа толқыны келгеннен бері жағдайы ауыр және өте ауыр науқастар көбеюде. Олардың саны соңғы бір айда екі есеге артты. Ал емдеу мекемелерінде қажетті дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтар әлі де жеткіліксіз екені анықталып отыр. Бұл ахуал адам өлімінің күрт өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Білікті мамандардың тапшылығы да жағдайды ушықтырып отыр. Облыста 207 дәрігер жетіспейді. Соның ішінде ауылдық жерлерге 52 дәрігер қажет.
Жайық өзені тартылып барады. Бұл онсыз да ауыз суға жарымай отырған жұртқа ауыр тиюде. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер де үлкен қиындықтарға тап болуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау жөнінде 2024 жылға дейінгі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарлама қабылдадық. Үкімет осы бағдарламада көзделген іс-шараларды уақтылы қаржыландыруы керек. Сонымен бірге Ресей жағымен бірлесіп, жедел шаралар қабылдауы қажет.

Жалпы, 30 ауыл тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Халық пен мұнай өндіру компаниялары «Астрахань–Маңғышлақ» су құбырына қарап отыр. Бірақ, оның да тозығы жеткен. Президент Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына су құбырын жаңалауды тапсырды. Бұл мәселе алдағы екі жылда шешілуі керек. Экологиялық ахуал да күрделі. Былтыр ауаны ластаған 160 жағдай тіркелген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз озық халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа Экологиялық кодекс қабылдадық. Экологиялық тиімділікті арттыратын бағдарламаларды қолға алған кәсіпорындар қалдық шығарғаны үшін төленетін ақыдан босатылады. Бұл саладағы қолжетімді технологияның ең таңдаулысы мұнай-газ кәсіпорындарына енгізілуі керек. Үкімет өңірдегі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, бұл мәселені мұқият бақылауға алсын.

Атыраудың ғана емес, қазақтың қастерлі мекені - ежелгі Сарайшық. Оның маңыздылығы мен танымалдығын арттыру үшін заманауи туризм инфрақұрылымы қажет. Әкімдік Үкіметтен визит-орталық құрылысына қаражат сұраған. Бірақ әлі келісім берілмеді. Президент мәселені дереу шешуді тапсырды. Жалпы, облыстың 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді жоба дайын. Соған сәйкес 37 жаңа мектеп салынады. Бұл үш ауысымда оқыту мен орын тапшылығын жояды. 3,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Оны іске асыру үшін 9 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылмақ, көбі – жеке инвестиция. Сонымен қатар жоспарға сәйкес бюджеттен 800 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу көзделіп отыр. Соның 700 миллиардқа жуығы республикалық бюджеттен қарастырылады. Мәселе – бөлінген қаражатты тиімді жұмсауда. Бұл – Үкіметтің және әкімдіктің басты жұмыстарының бірі.

Бүгінгі жиынның қорытындысы бойынша Үкімет жоспарды толықтырып, бір айдың ішінде бекітуі тиіс. Бұл проблемаларды реттеуге өңірдің әлеуеті жеткілікті. Өйткені, Атырау – ел экономикасының локомативі. Қазынаға құйылатын қаржының қомақты бөлігі осы аймаққа тиесілі. Ішкі жалпы өнімдегі өңір экономикасының үлесі – 10 пайыз. Демек, жүйелі жұмыс қана қажет.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу