Президент моноқалаларды дамыту жөнінде кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент моноқалаларды дамыту жөнінде кеңес өткізді

04.11.2021

Қазақстандағы моноқалаларды дамыту барысында өндіріс өнеркәсіптерімен қатар шағын бизнесті де қолға алу маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы Екібастұз қаласына барған жұмыс сапарында осылай деді. Сапар барысында Мемлекет басшысы моноқалаларды дамыту жөнінде ресубликалық кеңес өткізіп, 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарлармен танысты. Жиында Сарань, Екібастұз сияқты тұрақты дамушы өңірлердің моно қалалар қатарынан шығуы мүмкін екені айтылды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік жастар кадр резервімен кездесіп, индустриалды кәсіпорындарды аралады. Тілшіміз Саламат Омаш жалғастырады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікұшақтан түсе салысымен Өнер мәдени орталығына келді. Үкімет мүшелері мен облыс әкімдері қатысқан жиында елдегі моно қалалардың әлеуметтік-экономикалық ахуалындағы проблемалар талқыланып, жағдай шешу жолдары айтылды. Бүгінгі таңда 1 млн 400 мың халық тұратын 27 моноқаланың әрқайсында түйіткілді мәселелер көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
1999 жылдан бері моноқалалардағы халық саны екі есе азайып кеткен. Әсіресе қазіргі таңда жастар үлкен қалаларға кетіп жатыр. Инженерлік инфрақұрылымдар ескірген. Теміртау мен Арқалықта бұндай көрсеткіш 90 пайызға жетеді. Моноқалалардағы авто жолдардың 40 пайызы сапасыз. Соңғы екі жылда жұмысшылар саны 5 пайызға азайған. Сондықтан осындай қалаларға деген мемлекеттік саясатты өзгерту керек.

Президенттің сөзінше, Әр өңірге деген сараптама шынайы, ашық түрде жасалса ғана сол аумақтың экономикасын көтеруге мүмкіндік болады деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Бұл мәселеге қатысты сараптаманың бәрі шынайы айтылуы керек. Мысалы алыс жерлерде орналасқан 18 моноқала бар. Олардың жағдайы қиын. 2023 жылы аяқталатын Нұр-Сұлтан-Алматы тас жолы Балқаш қаласы үшін жақсы мүмкіндік. Сол сияқты 2024 жылы бітуі тиіс Жезқазған-Қызылорда жолы Сатпаев қаласы бағытындағы көлік мәселесін шешеді.

Моноқалаларда шағын кәсіпкерлікті де дамыту маңызды болып табылады. Бұл ретте Атамекен кәсіпкерлер палатасы жүйелі жұмыс жүргізуі қажет.

Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің орынбасары: 
Моно қалалардың Экономикасын әртараптындыру шикізаттық емес секторды құру үшін 79 жоба іске асырылды. Ағымдағы жылы 1500 жұмыс орнын құрып, 302 млрд теңгеге 14 жобаны пайдалануға берілуде.

Моноқалаларды электр энергиясымен қамтамасыз ету туралы баяндама жасаған "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының басшысына Президент энергия тапшылығы туралы сұрақ қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Біз қазір қиын жағдайға тап болдық. Электр энергиясы саласында дефицит байқалып отыр. Оны мойындадық. Осыған байланысты қандай жоспар бар?
Алмасадам Сатқалиев, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы: 
Энергетика саласында күзгі және қысқы мезгілде 18 гегават тұтыну болады деп отырмыз. Бізде қазірдің өзінде дефицит бар. Жалпы алғанда қазақстанда қыста 2,2 гегават жетіспеушілік болады. Ол үшін басқа елдерден алып келу керек. Қазір Ресеймен келісімді бастап кеттік.

Президент экономикасы дамып келе жатқан моно қалалар арасында Екібастұзды ерекше атап өтті. Себебі электроэнергияға инвестиция тартудың арқасында шахардың болашағы жарқын. Тіпті оны моно қалалар қатарынан алып тастауға да болады деді мемлекет басшысы. Екібастұз - энергетиктер мен кеншілер қаласы. Бүгінде өңірден қазақстан халқы тұтынып отырған көмірдің елу, электроэнергияның 25 пайызы өндіріледі. Яғни елдегі әрбір төртінші тұрғыны жылу мен жарықтың қызығын Екібастұздың арқасында көріп отыр. Алайда қаланың өзінде шешілмеген мәселе шаш ететкен. Бұл туралы Павлодардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы баяндама жасаған облыс әкімі айтты.

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі: 
Екібастұздағы инженерлік жүйелердің 80 пайызы ескірген. Яғни су құбырлары жарамсыз. Он мыңдаған адам тұратын жеке секторларда тас жол жоқ. Бес мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған топ баспана кезегінде тұр. Сондықтан қалада тез арада өмір сүру сапасын арттыру керек.

Әлеуметтік жағдайға кері әсерін тигізетін тағы бір проблема - экология. Қала кәсіпорын қалдықтарын шығару жөнінен республикада көш бастап келеді. 21 қыркүйекте аталған мәселелерді шешу үшін қала дамуының кешенді жоспары бекітілген. 2025 жылға дейін жасыл Екібастұз желегін құру, 16,5 мың жұмыс орнын ашу, өнеркәсіп өндірісін бір триллион теңгеге жеткізу сияқты 114 шара қабылдау мақсаты тұр. Бірақ, көлемді жоспардың іске асу-аспауы тағы сол қаражатқа тіреледі.

Ардақ Қаңтарбаев, Екібастұз қаласының әкімі: 
Көлемі болғанымен әлі де соншама нәтиже беріп жатқан жоқ. Қалай болса да өңірлерді дамыту мен моноқалаларға арналған бағдарламалар бар. 

Күрмеуі қиын мәселелерді шешуде президенттік жастар кадр резервінің рөлі маңызды. Мемлекет басшысы облыстағы әр салада еңбек етіп жүрген резервшілермен де арнайы кездесіп, пікір алмасты.

Аян Бейсекин, Ертіс ауданының әкімі: 
Қазіргі таңда мобильді байланыс, интернет мәселесі өте өзекті болып тұр. Ауылдарда қазір қолға алынып қосылып жатыр. Министрлікпен бірге жұмыс істеп жатырмыз.
Дидар Ибраев, Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары: 
Мен былтыр үздік мемлкеттік қызметкер дегенді жеңіп алғам, Енді бес этаптан өттім. Бәрінен өтсем ары қарай да осы елдің дамуына үлес қосатын боламыз.

Екібастұздағы қордаланып қалған мәселелерді шешудің тиімді жолы өндіріс өнеркәсіптерін көбейту. Бүгінгі таңда қалада машина жасау саласы қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдағы көрсеткіш 1,7 есе өскен. Екібастұздағы мащина жасау саласы дегенде бірінші кезекте бес кәсіпорыннан тұратын темір жол кластерін айтамыз. Солардың бірі темір жол дөңгелектерін шығаратын зауыт. Алқалы жиыннан кейін президент зауыт жұмысымен барып танысты. Зауытта дәл қазір модернизация болып жатыр. Яғни 90 пайыз автоматтандырылған. Жаңа құрылғылар жұмысты жеңілдетеді әрі сапасын арттырады. Тұтас қаптамалы дөңгелектер алғашқы сатыда 1250 градуста пеште балқытылады.

Мадияр Бүкпенов, зауыт жұмысшысы: 
Мынау дайын дөңгелек. Оны біз маркировкадан өткіземіз де складқа жібереміз.

Жүк вагондарынан бастап метрополитеннің темір жол дөңгелектеріне дейін осында шығарылады. Сағатына 120 шақырым жылдамдықтан аспайтын өнімнің 60 пайыздан көбі экспортқа кетеді екен.

Саламат Омаш, тілші: 
Мына теміржол дөңгелектері таза болаттан жасалған. Әбден тексеріліп, тазартылғаннан кейін дәл осылай вагондарға артылады. Ары қарай біраз бөлігі ішкі нарыққа кетсе, біразы экспортқа кетеді. 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. Бұрындары 200 мың дана жылына осындай дөңгелек шығарса. қазір соның саны 300 мыңға жеткен. 

Ал клемма, яғни рельстерді бекітуге арналған құрылғы шығаратын зауыттың жұмысын президенттің өзі ашып берді. Бұл Бес кәсіпорынның бірі. Өндіріс қуаты жылына 3 миллион дана.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаңа өнім өзінің жоспарлаған күшіне жеткеннен кейін клеммалар мен шуруптардың импортына тәуелділік жоғалады. Кәсіпорнның алдыңғы қатарлы өндіруші болып, отандық машина жасау өнеркәсібіндегі бәсекелестікті арттыруға септігін тигізеріне сенемін. Екібастұз темір жол лкстері осы салада,ы негізгі локомативке айналады. Компания жұмысшыларына сәттілік тілеймін.

Бұнда да құрылғылардың барлығы Германия, Австриядан жеткізілген. Ішкі нарықты қамтамасыз ететін клеммаға негізгі тапсырыс беруші Қазақстан темір жолы.

Ғазиз Мәліков,  зауыт жұмысшысы: 
Бұл станок бес адамның жұмысын атқарады. Секундына 2 клемма шығарады. Клемманы біз темір жол рельстерін бекітуге қолданамыз. 

Екібастұз - тұрақты дамушы қала. Ел экономикасы үшін ерекше маңыздағы стратегиялық нысандар шоғырланған жер. Әлемдегі ең ірі көмір кеніші ретінде гиннестің рекордтар кітабына енген Богатырь көмір алабы биылғы 9 айда 42 млн тонна көмір өндірді. Эйфель мұнарасынан да биік әлемдегі ең ұзын түтін шығаратын мұржасы бар жылу электр стансасы да осы Екібастұзда орналасқан. Ал соңғы кезде бұнда Қазақстанды толықтай қамтитын темір жол саласындағы машина жасау өнеркәсібі қарқын алып келеді.

Саламат Омаш, тілші: 
Екібастұздың өткені мен ертегі мына Өнер орталығында талқыланып, бірқатар міндеттер қойылды. Қазақтың әр жері қасиетті дегенмен, иесі қазақ, киесі бөлек осы Екібастұз өңірі. Бар айбыныңды асқақтатпай ма Мәшхүрің, Қойныңнан сенің тауып ед қара тасты кім? Жасай бер менің аяулы Екібастұзым деп, жырлаған екен осындағы қалам ұстаған қауым.

Өзгені жарылқап, өзімізді өзектен теппей, жағдайымызды жөнге келтірсе екен дейді жергілікті жұрт. Президенттен пәрмен берілді. Ендігі кезек соны орындау. Халық ізгі бастамалардың игілін жақын арада көруі тиіс, егер сөз бен істің арасы тағы да алшақтап кетпесе.

Саламат Омаш


Хабарламаларға жазылу