Мемлекет басшысы газ саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы газ саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді

17.06.2021

Мемлекет басшысы елдегі газдандыру жұмысын тездетуді тапсырды. Өйткені, жылдан жылға газға сұраныс артып келе жатыр. Бірақ, газ өндіру қарқыны оған сай емес. Сондықтан, жұмысты жүйелеп, газ бағасын да реттеу қажет,-деді президент.

Бүгінде бүкіл жер жүзі жасыл экономикаға бет бұрып, көгілдір отынды кеңінен қолдана бастады. Қазір біздің елдің де 53 пайызы көгілдір отынмен күнелтеді. 6 өңір 90 пайыз қамтылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Көгілдір отын 2050 жылға қарай басты қуат көзіне айналады. Қазір алпауыт мұнай газ компаниялары газ өндірісіне ерекше назар аударуда. Қазақстанда бұл сала соңғы 10 жылда толыққанды дамыды.  Оңтүстік аймақтарымыз енді іргелес мемлекеттердің газына мұқтаж емес. 10 млн-ға жуық адам экологиялық таза отынға қол жеткізді.

Дегенмен, саланы дамытуға кедергі көп-,деді президент. Соның салдарынан Елорда мен Қарағанды облыстанын газдандыру жұмысы жоспардан қалып отыр. Ал, Солтүстік өңірлерді газбен қамту өте өзекті. Ол үшін газ өндіретін ресурстық базаларды көбейтіп, саланы дамытудың моделін жаңғырту қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Газ кен орындарын барлап, игеруде іс жүзінде алға жылжу жоқ. Сондықтан, газдың ресурстық базасын геологиялық барлау жұмыстары арқылы кеңейту Үкімет пен «Самұрық-Қазына» негізгі міндеті. Үкімет газ өндіру ісіне инвестиция тартудың жаңа тәсілдерін табу керек.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазТрансГаз» компаниясы газды геологиялық барлаудан бастап дайын өнім шығаруға дейін бүкіл жұмыстарды атқаруы тиіс екенін жеткізді. Кен орындарын монополияға айналдырмай, тәуелсіз инвесторлардың барлау жүргізуіне жағдай жасау керек. Және ішкі нарықа газға лайықты баға белітку де өзекті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өңірлерді жаппай газбен қамтамасыз ету газды тұтыну көлемін арттырады. Қазір Қазақстандағы газдың бағасы ТМД елдерінің ішінде ең төменгі деңгейде. Дегенмен. халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, газға лайықты баға белгілеудің жаңа ашық моделі қажет. 

 Соңғы үш жылда сұйытылған газды тұтыну 2 есе өскен. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде көліктердің 90 пайызы көгілдір отынды қолданады. Бірақ, өңірдегі газ өңдеу зауыты жабдықтарының 90 пайызы тозған. Сондықтан, екі жылдан кеішкпей жаңа зуыт пайдаға берілуі тиіс – деді Президент. Сондай-ақ, Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысын сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаңғырту жұмыстары 2018 жылы аяқталғанына қарамастан, кәсіпорын жұмысында әлі де іркілістер бар. Нәтижесінде, мұнай өнімдерінің барлық түрі бойынша өндіріс көлемі кеміп, соның ішінде, сұйытылған газ азайып кетті. Бұл жанармай құю станцияларындағы тапшылыққа және бағаның шарықтауына алып келді.

Қазір газ-химия өндірісін дамыту маңызды. Өйткені, қазір өнеркәсіп саласының жартысын шикізат өндірісі құрайды. Мемлекет басшысы құрылысы он жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келе жатқан біріктірілген газ-химия кешенінің әлі күнге дейін бітпегенін сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұнай-газ химиясы сөз болғанда, полиэтилен және полипропилен туралы ғана айтамыз. Бірақ, нарықтағы сұраныс аталған материалдармен ғана шектелмейді. Тұрмыстық дайын заттардың базалық өнімін өңдеу жөніндегі кәсіпорындар ашу қажет.

Қазақстан әлемдегі ең көп энергия тұтынатын елдердің бірі. Бірақ, қазір энергияның көбі көмірден өндіріледі. Қаншама жылу электр орталықтары сонымен жұмыс істеп тұр. Оның экологиялық зияны көп. Сондықтан, энергетика саласындағы тепе-теңдікті сақтау қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қалдықтарды болдырмау мақсатында кәсіпорындар мен экономикаға түбегейлі өзгерістер енгізу қажет. 2030 жылға қарай газ өндіру көлемін 1,5 есеге – 21-ден 33 миллиард киловатт сағатқа дейін арттыруды тапсырамын. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің кемінде төрттен бір бөлігі газға тиесілі болуы керек.

Бұл жобалар еліміздің газ өңдеу саласын дамытуға серпін беріп, Қазақстан көміртегінен таза ел болуы тиіс, - деді Мемлекет басшысы. Осы он жылдықтың соңына қарай еліміздегі электр қуатының жартысына жуығы экологиялық таза энергия көздерінен өндірілуі қажет.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу