Сенат әкімдерді халық сайлайтын заң жобасын мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат әкімдерді халық сайлайтын заң жобасын мақұлдады

20.05.2021

Әкімдерді халық сайлайды. Сенат бүгін ауылдық округтердің басшыларын жергілікті жұрт таңдайтын заң жобасын мақұлдады. Ал, 2024 жылдан бастап аудан және қала әкімдерін сайлау өтеді. Саяси партияларға қатысты да тиісті құжатқа түзетулер енгізілді.

Ауыл әкіміне кандидат 25 жастан асқан болуы тиіс. Олар саяси партия атынан түсе алады. Өзін-өзі де ұсынуға да қақылы. Тек ауыл тұрғындарының кем дегенде 1 пайыз қолын жинауы қажет. Егер екі жағдайда да үміткер табылмаса аудан әкімі ұсынады.

Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бұл норманың өзі, өзін-өзі ұсыну, сайлау процесін процесінің демократиялығын және бәсекелестікті қамтамасыз ететін маңызды шарттарының бірі деп есептейміз.

Бұл санаттағы кандидат мемлекеттік немесе басқа ұйымдарда кемі екі жыл басшылық лауазымда болуы тиіс. Алайда, ондай адамдарды шалғай ауылдардан табу оңай емес. Сондықтан талап қаншалықты орынды екенін сұрады депутаттар.

Ерлан Дауылбаев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі: 
Жер, әлеуметтік, салық мәселелері бойынша сұрақтарға жауап беретін тиісті тәжірибе керек. Бұл кедергі болмайды деп ойлаймын.

Бүгінде 2 мың 345 әкім бар. Лауазым иелерін дауыс беру арқылы сайлау кезең-кезеңмен іске асады. Биыл өкілеттігі тоқтайтын 836 әкім ауысады. Сайлау алдағы 2 жыл республикалық бюджеттен, ал, 2023-тен бастап жергілікті жерден қаржыланады.

Индира Рыстина, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы: 
 Әр адам өзінің осы әкімді сайлағанын сезінеді. Сондықтан бұл біріншіден халықтың белсенділігін, жауапкершілігін көтереді.

Партиялардың сайлануына қатысты да жаңалық бар. Саяси ұйымдардың мәжіліс пен мәслихаттарға өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетіледі. Сондай-ақ дауыс беру бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: 
Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Мемлекет басшысының осы бастамасы еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға және саяси бәсекелестікті күшейтуге айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз.

Былтыр жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кірістері 250 млрд теңгеден асты. Алда бұдан да молая түседі. Себебі, 4 түрлі салық түсімі ауыл қазынасында қалады. Бұлар бірыңғай жер салығы, жер телімдерін пайдаланғаннан, сатқаннан және жалдағаннан түсетін төлем.

Нысаналы Ығыл, Амангелді Сейітхан 


Хабарламаларға жазылу