Елімізде арқармен будандасқан жаңа қой тұқымы пайда болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде арқармен будандасқан жаңа қой тұқымы пайда болды

20.05.2021

Шығыс Қазақстанның Ақсуат ауылындағы шаруашылықтардың бірінде арқар мен қойды будандастыру арқылы жаңа мал тұқымы пайда болды. Бір ерекшелігі аша тұяқтының бұл түрі табиғи будандасудың нәтижесінде шыққан. Оған әлі ат қойылып, ғылыми түрде расталмаған. Бірақ қазірдің өзінде қызығушылық білдірген ғалымдар, мұның тың жаңалық екендігін мойындап отыр.

Ержан Жақып, тілші:
Мынау қой мен арқарды будандастырудың нәтижесінде пайда болған жаңа тұқым. Төрт жасар қошқар. Әдеттегі қойдан ерекшелігі өте көп. Етті. Суыққа төзімді. Әрі мұны қой сияқты қырқудың қажеті жоқ. Өзі түлеп кетеді.

Жаңа мал тұқымын Ислахат Бешімбаев табиғи будандастыру арқылы алған. Тарбағатай тауларының бауырында орналасқан Қонақбай өлкесі арқардың мекені. Өрістегі малды тау жануарлары жүретін жерге жақын бағу арқылы ұрықтандырған.

Ислахат Бешімбаев,   шаруа қожалығының иесі:
Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір арқар қосылған. Мен бауырларыма айттым, «Әй осының ішінде арқарға шыққан қой бар ғой деймін» -деп едім, бұлар күліп. Әй ондай болмайды деп. Наурыздың ортасында бір қой туды-деп айтты маған. Одан қозылар шықты. Лақтар құйрығы жоқ, тура арқар сияқты екі құлағы тікірейген.

Аша тұяқты мал түрі, қойдан гөрі арқарға көбірек ұқсайды. Төлдері де өте ширақ. Қысы қатал өңірде қар үстінде қоздап, жүре береді. Қойға қарағанда етті. Көбіне егізден төлдегендіктен өсімтал көрінеді. 4 жылдан бері біртіндеп көбейіп келе жатқан жаңа тұқымының биылғы төлі 50 ге жетіп қалған.

Роллан Бешімбаев, шаруа:
Қозылаған кезде 5-10 минуттың ішінде қозылары тұрып, еміп, енесінің қасында жүгіріп кетеді. Қарға да туа береді. Одан ел естіп, нөмірімізді тауып алып, хабарласып жатыр. Қазақстанның жан-жағынан. Бір қошқарын алсақ бола ма?- дегене сияқты сұрақтармен.

Ғалымдар да бұл ауыл шарушылығы ғылымы үшін тың жаңалық деп отыр. Бұрын елімізде арқарды қоймен будандастыру зертханада ғылыми әдіспен жүргізілген. Ал табиғи жағдайда ұрықтанып, осылайша көбеюі алғаш рет көрінеді. Енді мұны заңдастыру қажет-дейді мамандар.

Қабылғазы Сейітпан, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
Заңдастыруға болады. Ешқандай бөгет жоқ. Бұл малдың санын көбейту керек. Сапасын жақсарту керек, бренд болатындай. Ерекше малға, қолайы стандарт болуы керек.

Жаңа түлікті әзірге иелері «Ислахат қойы» деп атап жүр. Асыл тұқымды мал ретінде тіркеуге ниетті. Санын көбейтіп өзге шаруашылықтарға таратуды көздейді.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу