Түркістан облысының Ынтымақ ауылында жаңадан салына бастаған мектеп «сақалды құрылысқа» айналды. Іргетасы мен қабырғасы осыдан төрт жыл бұрын қаланған ғимараттың шатыры жабылмаған күйі аяқсыз қалды. Ал балалар әлі күнге мақта терімге жәрдемге келетін жұмысшылар үшін салынған жатақхана мен көп пәтерлі ескі тұрғын үйде оқуға мәжбүр.
Қазынаның жарты миллиард теңгесі жұмсалған ғимараттың сиқы осы. Үш қабатты нысан қыс бойы қар мен судың астында тұрды. Қазір ауласы тұрмақ дәлізінің өзі қаулаған шөп. Ауыл азаматтары құрылыс материалдарын өзгелер ұрлап кетпесін деп нысанды өздері қарауылдап келеді.
Әбдіәкім Аманов, ауыл биі:
Шөкеевтің өзі келіп көрді. Келді де «мынаның ақшасын жеп қойыпсыңдар, ақшасы жоқ, желініп кетті» деп еді. Сонымен әлі бұл мәселе шешілмей келеді.
Биліктегілер істі осылай бір-біріне сілтеп жүргенде балалар оқитын жер таппай қалды. Бастауыш сыныптың бүлдіршіндері қазір амалсыз апатты ғимаратта білім алуда.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Бастауыш сыныптар білім алып жатқан мына ғимарат кезінде тұрғын үй үшін салынған. Осыдан 40 жыл бұрын салынған баспананың қазір қабырғалары жарылып, төбесіндегі бетон жабындылары қисайып, құлаудың аз-ақ алдында тұр.
Ал ауылдың 600-дей ересек баласы көрші ауылдың мектебінде оқуға мәжбүр. Оның өзі жатақхана үшін салынған. Аты мектеп болғанымен заты оған сай емес.
Ғалымжан Нарынбай, мектеп оқушысы:
Онлайн компьютермен оқығымыз келеді. Оны оқуға байланыс жоқ.
Серік Қуатбеков, физика пәнінің мұғалімі:
Физика пәнінен зертханалық жұмыстар жасау үшін лабораториялық құралдар қажет. Біз онымен тек теория жүзінде танысып, үйреніп жатырмыз. Оны көзбен көріп, қолымен ұстауға мүмкіндік жоқ.
Жаңа мектептің құрылысы жоспар бойынша 2018 жылы бітуі тиіс еді. Бірақ мердігер қазына қаржысын артығымен қарпып қаламын деп сенімнен шықты. Тапсырыс беруші тексеріс жіберді, келісімді бұзды. Мұнан кейін нысан жаңа ашылған ауданның, одан кейін білім басқармасының меншігіне өтіп кетті.
Мұрат Жүсіпов, Келес ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:
Жобалық-сметалық құжаттар 2017 жылы шыққан себепті түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2021 жылға облыстық бюджеттен 282 млн теңге қаралған.
Шығындар нақтыланса, құрылыс биыл қайта жалғасады. Ал құрылысқа бөлінген бастапқы ақшаның 195 миллионын еш негізсіз иемденіп кеткен «Айдана» серіктестігінен қаржы мәжбүрлеп өндірілмек.
Ғани Қалмаханов