Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрайымы, Швецияның Сыртқы істер министрі Қазақстанға ресми сапармен келді. Орталық Азия елдеріне турне аясында Анн Линде Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесті. Тараптар ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерін талқылап, 2010 жылы қабылданған Астана декларациясын іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, пандемиямен күрес аясында ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін сөз етті. Анн Линде швед елінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы кезіндегі басымдықтарды қолдағаны үшін қазақстандық тарапқа алғыс айтты.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:
Бүгін келіссөздер барысында әріптесіммен қауіпсіздік саласындағы халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді соның ішінде ЕҚҰЫ кеңістігіндегі ұзаққа созылған қақтығыстарды реттеуді талқылап шықтық. Ауғаныстандағы жағдайды егжей-тегжейлі талқылап, қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен басқа да проблемалар, Орталық Азия аймағының да, халықаралық ұйымдарының да тұрақты қолдауды қажет ететіндігін атап өттік.
Ләйлә Дулатқызы