Түркістанда туристерді таң қалдыратын нысандар салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда туристерді таң қалдыратын нысандар салынып жатыр

31.03.2021

 Түркістан Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде таныла түспек. Көне шаһарда бүгінде туризм саласын дамытуда жан-жақты жобалар жүзеге асып, жаңа нысандар мен баспаналар бой көтеруде. Өңірдің сәулетшілері әрбір ғимараттың жобасына ерекше мән беріп, бірнеше талаптар қойылғанын айтады. Сонымен Түркістандағы ғимараттар өзге өңірлерден несімен ерекшеленеді? Тілшіміз тарқатсын.

Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы бері мұнда құрылыс жұмыстары ерекше қарқын алды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы рухани-мәдени орталығынан «Ұлы дала елі» және Ясауи мұражайы, Шығыс моншасы мен Амфитеатр сынды 11 нысан салынып, пайдалануға берілді. Сәулетшілер шаһардың архитектуралық келбетін қалыптастырғанда тарихи сабақтастықтыққа ерекше мән берілгенін айтады.

Бақтыбай Дүйсебеков, Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
Негізгі талаптарымыз шығыс стилінде болуы керек. Одан кейін кесенеден биік болмауы керек. Жан-жақтан кесене көрінуі керек. Сол жерге келетін тұрғындарға, қонақтарға әйтпесе туристерге қолайлы жағдай жасау болды.

Ал, қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында ұлттық нақышта әрі заманауи үлгіде салынған бірнеше жаңа нысан бой көтерді. Олардың қатарында облыс әкімдігі мен медиа орталық, «Түркістан арена» мен Конгресс холл сынды ғимараттар бар. Халықаралық әуежайдан да күнделікті жолаушылар қатынауда. Бастысы Түркістанда көпқабатты тұрғын үйлер көбейді.

Досжан Тоқбергенов, құрылысшы:
Жаңа үйдің кірпішін қалап жатырмыз. Бұлда болса бір тарихи сәт. Кентау қаласынан келіп, жұмыс жасап жатырмыз. Осы қаланың өсіп өркендеуіне өз үлесімізді қосып жатырмыз.

Десе де туристер Түркістанға Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көру үшін көптеп келеді. Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, ортағасырлық ескерткішті тамашалағысы келетіндер саны күн санап артуда. Осылайша Түркістан болашақта 1 миллионнан аса халқы бар республикалық маңызы бар алып шаһарға айналмақ.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу