Қарағанды облысында көпқабатты үйде газ баллоны жарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында көпқабатты үйде газ баллоны жарылды

17.03.2021

Қарағанды да көпқабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, бір адам зардап шекті. Тұрғындар эвакуацияланып, бірнеше сағатқа электр жарығы сөнген. Бұған қоса жылу құбыры жарылып, пәтерлерді су басқан. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы қазір бізбен байланысқа шығады. Руслан, бұл жағдай қай кезде болған? 

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Оқыс оқиға түнгі уақытта, ел шырт ұйқыда жатқан кезде болған. Пришахтинск елді мекеніндегі дәл осы үйдің 5-ші қабатындағы бір бөлмелі пәтерде 27 литрлік газ баллоны жарылған. Салдарынан 1994 жылғы азамат зардап шекті. Ол дереу аупуханаға жеткізілген. Құтқарушылар одан басқа тағы 25 адамды эвакуациялады. Оның 6-уы балалар. Жарылысқа газ баллонына қосылатын редуктордың дұрыс істемеуі себеп болған. Бастапқыда жарылыс әсерінен бұл үйде бірнеше сағатқа жарық сөнген. Сондай-ақ интернет те істен шыққан. 
Қанат Ержанов, қала тұрғыны:
Газ баллоны жарылып, одан жылудың тұрбасы жарылды. Сонымен быт-шыт болды барлық жер. Қазір жарықты қосты. Төбемізден су ағып кетті. Әйтеуір басымыз аман ғой. 
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Ал зардап шеккен азамат қазір облыстық Мақажанов атындағы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер науқастың жағдайы ауыр екенін айтты. Оның денесінің 45 процентін күйік шалған. Төтенше жағдай қызметі газ баллонын тек жеке немесе екі қабатты үйлерде ғана пайдалануға рұқсат етілгенін ескертеді. Алайда бұл тәртіп жиі бұзылады дейді мамандар. 

Хабарламаларға жазылу