Атырауда асыл тұқымды ешкі шаруашылығы қарқынды дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда асыл тұқымды ешкі шаруашылығы қарқынды дамып келеді

15.03.2021

Атырауда тәуелсіздіктің төл құрдасы Тамила Розметова өңірде кенжелеп қалған ешкі шаруашылығын дамытуда. Бүгінде ол сүт бағытындағы асыл тұқымды мал басын 1000-ға жеткізді. Әрі өнім көлемін арттырып, ағарғаннан сирек кездесетін жеңсік астың түр-түрін шығара бастады.

Тамиланың ешкі өсірумен айналысқанына 6 жылдан асты. Ол үшін биылғы жыл жаңалыққа толы болды. Өйткені, шаруа - тыңнан түрең салып, Францияның «Камамбер» және «Булет д'авен» деп аталатын таңдаулы ірімшіктерін жасап шығарды. Енді деликатес өнімді қолжетімді бағада халыққа ұсынбақ. 3 жоғары білімі бар жалынды жас, агросаладағы жетістігін тәуелсіздіктің жемісі деп бағалайды.

Тамила Розметова, ешкі зауытының директоры:
Тәуелсіздік құрдасы екенімді мақтан етемін. 30 жылда елімізде агроөнеркәсіп саласы айтарлықтай дамыды. Егемендік сыйлаған мүмкіндіктер болмағанда, әкем екеуіміз ешкі фермасын ашпас едік деп ойлаймын.
Жандос Темірғали, тілші:
Мұнда қазір Сербиядан әкелінген 1000 бас ешкі бар. Олардан күніне 1 тонна сүт алынады. 17 түрлі дайын өнім шығарылады.

Ешкі бағытындағы жалғыз шаруашылыққа қызығатындар көп. Озық технологияға негізделген бірегей фермаға өзге өңірлерден шаруалар жиі келеді. Солардың бірі- маңғыстаулық Виктор Кобзев.

Виктор Кобзев, шаруа:
Ең бірінші көзге түсетініні – тазалық. Мен өз шаруашылығымды ашарда ғаламторға сүйеніп біршама қате жібердім. Бүгін Тамиланың шаруашылығын көзбен көріп, таңқалып тұрмын. Енді алған тәжірибемді, өз фермамда жүзеге асырамын.

Шаруашылық иесі, әкесі Владимир Розметовпен бірге өзге де төрт түлікті баптап отыр. Қазір фермада 30-дан астам жергілікті тұрғын еңбекпен қамтылған.

Владимир Розметов, қожалық басшысы:
Менің балаларыма үйрететінім ең бірінші – шығарған өнімдеріміз дәмді әрі сапалы болуы керек. Қазақстанда жасалған деген атағымыз бен абыройымызды, тек өзімізде емес, еліміздің де абыройын көтеруіміз керек.

Фермадан жылына 180 тонна ешкі сүті шығарылады. Одан 140 тонна өнім алынады. Еуростандартқа сай тауар, Ресейдің бірқатар қалаларына экспортталады. Енді, Тамила отандық өнімді өзге мемлекеттерге де жөнелтуді жоспарлап отыр.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу