Алматы облысында көлік қаққан екі оқушының бірі көз жұмды. Ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасы таратты. Айтуларынша тоғыз жастағы қыз кеше таңертең қайтыс болған. Ал, сегіз жастағы екінші жасөспірім әлі комада жатыр. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жағдайы өте ауыр. Аяғына операция жасаған үшіншісі ем-домын қабылдау үстінде. Дәрігерлер қарауынан кейін үйіне қайтарылған оқушы шошынып қалған. Онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.
Еске салайық, 2 наурыз күні ішімдік ішкен жүргізуші жол бойында кетіп бара жатқан төрт оқушыны қағып кеткен еді. Оқиға Еңбекшіқазақ ауданы, Қорам ауылында болды. Түрлі дене жарақатын алғандар аудандық ауруханаға жеткізілді. Ал мас күйінде көлік тізгіндеген 54 жастағы ауыл азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым -Жомар Тоқаев осы оқиғаға байланысты өзінің тікелей бақылауына алатынын жеткізіп, жан-жақты зерттеуге тапсырма берген болатын.