Алматыда ұшақ апатынан зардап шеккен азаматтардың жағдайы ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда ұшақ апатынан зардап шеккен азаматтардың жағдайы ауыр

15.03.2021

Алматыда ұшақ апатынан зардап шеккен екі азаматтың жағдайы тұрақты ауыр. Олар жеткізілген №4 аурухананың дәрігерлері науқастарда ешқандай өзгеріс жоқтығын айтуда. Зардап шеккендер туралы толығырақ тілші Нұрхан Нұрлан тікелей эфирде айтуға әзір.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Әскери ұшақ апатынан кейін ауруханаға жеткізілген 25 және 34 жастағы 2 азамат қазір қалалық №4 клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде хал үстінде жатыр. Олар мұнда 13 наурыз күні кешкі сағат 18:10-дар шамасында түскен болатын. Ота жасалған. Алайда, содан бері ешқандай өзгеріс жоқ, жағдайлары тұрақты ауыр дейді дәрігерлер. Науқастарға қазір қаланың ең білікті дәрігерлері ем жүргізіп жатыр. Аман алып қалу үшін бар жағдайды жасап жатырмыз дейді олар.

Еске салайық, 13 наурыз күні Нұр-Сұлтан-Алматы бағытындағы әскери ұшақ Алматы әуежайының ұшу-қону жолағына жетпей апатқа ұшырап, өртке оранған. Салдарынан борттағы алты адамның төртеуі оқиға орнында көз жұмды. Ал қазір опатқа қатысты арнайы комиссия құрылған. Оның құрамында Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер және қорғаныс министрлігінің өкілдері бар. Құзырлы органдар әзірге қайғылы оқиғаның себеп-салдары туралы болжам айтқан жоқ. Қазір мамандар оқиға болған жерде зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Ал қара жәшіктегі ақпарат жақын арада жарияланатынын айтты. Құлаған ұшақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әуе қызметіне тиесілі. Сондай-ақ, аталған әуе кемесі АН-24-тің жетілдірілген түрі екендігі айтылды. Ал қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туған-туыстарына психологиялық көмек көрсетілуде. Және оларға медициналық жәрдем беру үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты госпитальдің дәрігерлері жұмылдырылған. Бұдан бөлек, материалдық тұрғыдан да көмек көрсетілуде.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу