Елімізде 3 жасқа толмаған 30 бүлдіршін түрмеде өмір сүріп жатыр
Елдегі түрмелерде 3 жасқа толмаған 30 сәби өмір сүріп жатыр.. Аналарының айыбы болғанымен, балада кінә жоқ. Оның үстіне, сарапшылар түрме аумағындағы ғимарат халықаралық талаптарға сай еместігін айтады. Әрі жазықсыз бүлдіршіндердің құқығы шектелмеуі керек деп есептейді. Біздің арна тілшілері ЛА 155/4 әйелдер колониясында болып, бөбектердің жағдайымен танысқан еді.
Мына бүлдіршін бізге таңырқай, жатырқай қарады. Енді қайтсін?! Көзін ашқалы тар қапаста. Анасы мен айналасындағы санаулы адамдардан басқаның бәрі оған жат.
Анна бақыттың дәмін, бостандықтың қадірін кеш түсінді. Босануына үш ай қалғанда алаяқтық бабымен қамалды. Өткен іс өзегін өртейді. Бәрінен бұрын, баласының болашағына алаңдайды. Өйткені, қасында тек 3 жасқа дейін қала алады.
Анна, жазасын өтеуші:Қасымда босанып жатқан әйелдердің туған-туыстары құттықтап қуанып жатқанда жүрегім ауырды, жаным жабырқады. Жасаған ісіме қатты өкінемін. Қазір ұлым екіге жақындап қалды. Ал менің әлі екі жылым бар. Ол кезде балам төртке толады. Менен бөлініп кеткенін қаламаймын. Бір жеңілдік қаралса ғой деп тілеймін ішімнен. Үйде тағы екі ұлым тағатсыздана күтіп жүр.
Жас аналар жазасын өтейтін жалғыз түрме осы. Жауғаштыда орналасқан. Қазір мұнда 458 әйел қамауда. Оның отызы осында босанды. Анасының айыбынан, жазықсыз балалары да түрмеде қамалуға мәжбүр.
Түзету мекемесінде былтыр 9, биыл алғашқы үш айдың өзінде 2 сәби өмірге келді. Балалар күндіз-түні осы тамұқтың ішінде. Аналары тәулігіне бір рет тіркеуден өтіп тексеріледі, кейде қоғамдық жұмыстарға тартылады. Қалған уақытта балаларының қасында. Аналарының айыпты екенін сезінбес үшін еркін киінуге рұқсат етілген. Балаларға арналған методикалық кабинет бар. Жазу-сызу үйренеді. Киім-кешекпен, 4 мезгіл тамақпен қамтылады.
Алайда адам құқығын қорғаумен айналысатын тәуелсіз ұйымдардың бұл жағдайға көңілі толмайды. Ғимарат халықаралық стандарттарға сай емес. Қоғамнан алшақ бөбектер қалыпты өмірден шет қалып барады. Ортадан оқшаулаудың соңы балалардың психологиясына кері әсерін тигізеді дейді олар.
Мәдина Ахметова, «Қадір-қасиет» қоғамдық бірлестігі директорының м.а:Балалар мен аналар түрме аумағынан алыс, басқа ғимаратта болғаны жөн. Біздегі бөбектер жатқан түрме халықаралық стандарттарға сай емес. Оны ерекше қылып жасауға біздің елде мүмкіндік бар. Балалар қоғамдық ортада көп болуы керек. Балғындардың салқын, сұрланған аумақта өскені дұрыс емес. Ол баланың болашағына, денсаулығына психологиясына кері әсерін тигізеді. Менің ойымша мұны заң жүзінде реттеу керек.
Үш жастан кейін мұндағы балалар әкесіне, туған-туыстарына егер ет жақындары болмаса балалар үйіне жіберіледі. Тәуелсіз ұйым өкілдерінің сөзінше азаматшалардың жазасы жеңіл болса, бөбегінен бөлмей, мерзімінен бұрын босатуды қарастыру керек.
Самал Сыздықова, ЛА 155/4 түзеу мекемесі тәрбие бөлімінің бастығы:Жеңілдіктер бар. 14 жасқа дейінгі балалары бар әйел адамдар мерзімінің өтеу уақыты кейінге қалдырылуы мүмкін. Сотталған әйелдердің басым бөлігі адам өлтірген және алаяқтық бабымен жазасын өтеп жатыр.
Аналар бөбегімен аулада серуендейді, анда-санда туыстарымен қауышады. Ал аумақтан одан әрі алшақтауға құқылары жоқ. Мына бейкүнә сәби үшін абақтының бер жағындағы бейбіт өмір беймәлім...
Раушан Сайлауқызы, Қуаныш Қанатұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
