Алматы облысында сүт өткізіп күнелтіп жүргендерге мемлекеттік кіріс басқармасынан хаттама келген
Сүт сатқандар салық төлесін. Алматы облысының Жалғызағаш ауылында ағарған өткізетін тұрғындарға мемлекеттік кіріс басқармасынан жаппай хаттама келген. Онда сүт сатып, 500-600 мың теңгеден табыс тауып отырғандар кіріс салығын төлеуі тиіс делінген. Ауылдағы ағайын болса қорадағы жалғыз сиырдан қомақты табыс қайдан болсын деп налиды.
Биыл Мұрат Мүсәпіровтің екі сиырының біреуі ғана бұзаулады. Артылған үш литр ғана сүтті өткізеді. Тапқаны бала-шағаның шайлығынан аспайды. Бірақ, оған басқармадан 500 мың теңгеге дейін табыс тауып отырсыз деген хаттама келген.
Мұрат Мүсәпіров, ауыл тұрғыны:400-500 мыңға қалай сүт өткіземіз? Егер мен үш литр сүт өткізіп отырсам күніне. Нан-шайдан аспайды біздің өткізіп отырған сүтіміз.
Ескелді аудандық мемлекеттік кірістер басқармасынан кейбір отбасының бірнеше мүшесіне хаттама келген. Кіріс сомасы да 600-700 мың теңгеге дейін барады. Ауылдың мәдениет үйіне жиналған қауым бұл қайдан шыққан батпан құйрақ деп аң-таң.
Кәмина Жалғас, ауыл тұрғыны:424 мыңға мен өткізіп көргенім жоқ. Ары кетсе 10 келі өткізем. Болмаса бес келі. Ол өткізетінім үш ай. Үш айдан кейін малымды сауа алмаймын. Сондықтан мынау бізге ауыр келеді.
Тұрғындардың пайымынша кірістерді сүт қабылдайтын аулшаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы көбейтіп көрсетіп берген. Алайда төрағаның өз айтар уәжі бар.
Ербол Бидайбеков, кооператив төрағасы:Ол өткізілген. Өткізілмесе қайдан жазамыз? Сүтті аспаннан алып құймаймыз ғой. Содан кейін көбісі білмейді.
Салық органдарынан мамандар жиынға арнайы келіп, түсініктеме берді. Кемшіліктер өндірістік кооперативтің кірістері мен шығыстарына жасалған арнайы камералды бақылау негізінде анықталыпты.
Айнұр Осанова, Ескелді аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы:Біз оны өзіміз ойдан алған жоқпыз. Енді мына жерде көп кісілер келіспей отыр.
Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Кіріс салығын заңды тұлға төлей ме, жеке тұлға төлей ме, әзірге белгісіз. Ал хаттамада ауыл тұрғындарына жеке кәсіпкер ретінде тіркелу де міндеттелген.
Қуаныш Қанатұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
